ҚАРНАҚТА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА «ДОСТЫҚ ҮЙІ» ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа «Достық үйі» халық игілігіне пайдалануға тапсырылды. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады. Өңір басшысы жаңа нысанды толық аралап шығып, оның қызметіне сәттілік тіледі.

 

Нұралхан Көшеров: 

Құрметті қарнақтықтар! Баршаңызды тарихи Қарнақ ауылындағы жаңа 300 орындық «Достық» үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда «Достық» үйлерін көбейтуді тапсырған болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс орталығында «Достық» үйі ашылып, ауқымды жиындарды қабылдайтын орынға айналды. Қазақ руханияты мен ел бірлігін насихаттайтын мұндай орталықтардың маңызы зор. Қарнақта бой көтерген жаңа нысан – елдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің, бірлік пен татулықтың алтын ордасына айналады деп сенемін. Қарнақ ауылы – талай ғұлама мен дін қайраткерлерін тәрбиелеген тамыры терең мекен. Осындай киелі өлкеде жаңа орталықтың ашылуы – заңдылық. Бүгін пайдалануға беріліп отырған «Достық» үйі жастардың өнерін шыңдайтын, ақсақалдар мен аналардың басын қосатын, түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтетін берекелі мекен бола берсін. Қарнақ ауылының дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан барша азаматтарға, құрылысшыларға және осы игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан жандарға ризашылығымды білдіремін. Жаңа нысан құтты болсын! Тәуелсіз еліміз мәңгі жасап, бірлігі жарасқан халқымыздың бағы жана берсін! — деді.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 2844,71 шаршы метрді құрайды. Жобалық-сметалық құны 1 277,8 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын мердігер «РСУ-1» ЖШС жүзеге асырды. 300 адамға арналған мәдени нысан заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.