ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЕТ ӨНДІРУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – елімізде теңдесі жоқ мал бордақылау және ет өндіру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан ет өнімдері» ЖШС жүзеге асырып жатқан мал бордақылау кешеніне арнайы барып, инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Жоба бастамашылары өңір басшысына кешен құрылысының кезеңдері, өндірістік қуаты және нысан толық пайдалануға берілгеннен кейінгі мүмкіндіктері жөнінде баяндады.

Кешенді аралау барысында облыс әкімі шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру бағытындағы жоспарлар, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жан-жақты талқыланды. Нұралхан Көшеров жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын кешеннің жобалық құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Бірегей өндірістік кешенде 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған өндірістік алаң қарастырылған. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталығы және қосымша инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталған. Ал мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар кешен аумағына жақын жерде «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру жоспарланған. Жобалар толық іске қосылған кезде 120 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір аумақта шоғырлануы. Мұндай тәсіл инженерлік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, өндірістік шығындарды азайтуға және жұмыс процесін жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Аталған кешен толық іске қосылғаннан кейін мал бордақылау ісін заманауи технологиялар негізінде дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге елеулі үлес қосады.