САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Шорнақ ауылында салынған жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.

Облыс әкімі өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, өңірде спорт инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Нұралхан Көшеров:

Бүгін қасиетті Сауран жерінде тағы бір игілікті істің куәсі болып отырмыз. Баршаңызды Шорнақ ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің қуанышы. Спорт – жай ғана дене шынықтыру емес, ол – ұлттың саулығы, жастардың темірдей тәртібі және елдің болашағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығына салынған инвестиция екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп, соңғы екі жылда 28 спорт кешені пайдалануға берілді. Ал, осы жылы 9 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беру жоспарлануда. Міне, солардың алғашқысының ашылуында бас қосып отырмыз. Қасиетті Түркістан өңірі – талай саңлақты дүниеге әкелген киелі мекен. Бүгінгі кешеннің табалдырығын аттаған әрбір жас өз арманына бір қадам жақындайды. Осында жаттығып, шыңдалған жастардың арасынан Азияны, Әлемді бағындыратын, Олимпиада төрінде Әнұранымызды шырқататын чемпиондар шығатынына кәміл сенемін. Жаңа спорт кешені ел игілігіне қызмет етіп, ауылдың ажарын кіргізер құтты орын болсын! – деді.

Нұралхан Оралбайұлы жаңа нысанды аралап, оның материалдық-техникалық базасымен, заманауи жабдықталу деңгейімен және тұрғындарға жасалған мүмкіндіктермен танысып, жас спортшылармен еркін пікір алмасты.

Жаңа спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған. Жалпы құны 1 млрд 733,6 млн теңгені құрайтын нысан 1 гектар аумақта орналасқан. Спорт кешенінде баскетбол, бокс, күрес және тренажер залдары қарастырылған. Сонымен қатар мұнда 40 жаңа жұмыс орны ашылып, нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.