ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ЗАҢДЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысының аумағында 2026 жылдың 7 айында жалпы 266 нысанға бақылау және қадағалау шаралары жүргізілді. Оның ішінде 197 нысан – жеке кәсіпкерлікке, 69 нысан – бюджеттік ұйымдарға тиесілі. Сонымен қатар 178 нысан бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізуге бастама көтеріліп, тексеру жүргізілмеген нысандардың саны 57-ні құрады.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 197 жеке кәсіпкерлік нысанның меншік иелеріне қатысты 416 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 266 498,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Есепті кезеңде нақты өндірілген 173 729,1 мың теңге бюджет кірісіне түсті. Қалған қаражатты өндіріп алу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жыл соңына дейін аудан және қала аумақтарында заң талаптарын сақтамай салынған құрылыс нысандарына қатысты заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру тәртібіне сәйкес тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды.
Жиында Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтурсынов заңсыз құрылыстарға қатысты 2026 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарды сақтай отырып, облыс аумағында жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы 905 хабарлама тіркелген.
Сонымен қатар заң талаптарын бұза отырып және рұқсатсыз өз бетінше салынған 17 нысанды мәжбүрлеп бұзу жөнінде сотқа талап-арыздар жолданды. Нәтижесінде талап-арыздардың 5-еуі сотта қаралуда, ал 9 нысанды бұзу туралы сот шешімі қабылданды. Бір талап-арыз қараусыз қалдырылса, 2-еуі қанағаттандырылмады.
Бұдан бөлек, жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 14 заңсыз құрылыс нысаны меншік иелерінің қаражаты есебінен бұзылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының геоақпараттық порталы» ақпараттық жүйесінде «Құрылыс процесстерін цифрландыру МСҚБ» бөлімі 2025 жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта Геопортал ақпараттық жүйесіне жалпы саны 3 766 құрылыс нысаны туралы мәлімет енгізілді.
Аталған ақпараттық жүйе бірнеше жыл бойы заң талаптарын бұза отырып немесе тиісті рұқсатсыз салынған құрылыстардың нақты санын айқындауға, сондай-ақ алдағы уақытта заңсыз құрылыс нысандарының бой көтеруіне жол бермеуге бағытталған.
Облыс көлемінде құрылыс саласындағы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, рұқсат беру рәсімдерінің сақталуын бақылау және заңсыз нысандардың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
