ТҮРКІСТАНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ 25,5 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Түркістан қаласында Құрылысшы күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, өңірдің құрылыс саласында еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Кәсіби мерекеге орай өткен іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құрылыс саласының ардагерлері мен білікті мамандары, сондай-ақ жас құрылысшылар қатысты.
Мерекелік шара аясында арнайы көрме өткізіліп, онда құрылыс саласында пайдаланылатын заманауи техника мен құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары және арнайы аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі құрылыс саласының ардагерлерімен бірге көрмені аралап, қойылған техника мен жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қай уақытта да құрылыс саласы – ел дамуының драйвері екендігі мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс саласын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президент тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар, құрылыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Сондай-ақ саланы цифрландыру мен ашықтықты арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілеп отыр. Биыл жаңа Құрылыс кодексінің қабылданғанын жақсы білесіздер. Бұл құжат саланың сапалы әрі ашық дамуына тың серпін береді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау құрылыс саласының қарқынды дамуына берік негіз қалап отыр. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Түркістан облысында ауқымды құрылыс жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ел игілігіне ұсынылуда. Өңіріміздің өркендеуі, сәулеті мен келбеті – құрылыс саласының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір әлеуметтік нысан, тұрғын үй, өндірістік және инфрақұрылымдық жоба – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі.
Биыл Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Жиында Мемлекет басшысы «Алқалы жиынды Түркістанда өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту» екендігін ерекше атап өткен болатын. Түркістанды түрлендіріп, әлемге танытуда құрылысшылардың сіңірген еңбегі әрқашан ерекшеленетіні белгілі. Қаланың символдарының біріне айналып үлгерген «Тайқазан» мен «Киіз үй» кешені оның айқын дәлелі. Қай саланы алсаң да, құрылыссыз саланы дамыту мүмкін емес. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында өңіріміз көркейіп, елді мекендеріміз жаңарып, тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісі, – деді.
Салтанатты басқосуда облыс әкімі құрылыс саласының өркендеуіне айрықша үлес қосып, кәсіби біліктілігі мен шеберлігін танытқан бірқатар маманды марапаттады. Сонымен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те құрылыс саласындағы еңбегімен ерекшеленген мамандарға арнайы марапаттар табыстады.
Іс-шара барысында құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, жинақтаған тәжірибесі арқылы кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген ардагерлерге де айрықша құрмет көрсетілді. Саладағы сабақтастықты сақтау мен аға буынның өнегесін жас мамандарға жеткізуді мақсат еткен тағылымды рәсім кезінде құрылыс саласының ардагерлері жас құрылысшыларға «Құрылыс кодексін» табыс етті.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өңір өнерпаздары сахна төрінде ән мен күй орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бірінші жартыжылдықта Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, 25,5 пайызға артқан. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 475 мың шаршы метрге жетіп, бұл көрсеткіш бойынша өсім 8,3% құрады.
Бұл көрсеткіштер өңірде құрылыс қарқынының тұрақты өсіп келе жатқанын аңғартады. Бүгінде Түркістан облысында тұрғын үймен қатар әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Осы үдерістің негізгі қозғаушы күші – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне арнап жүрген құрылыс саласының мамандары.
