ОРДАБАСЫДА ҚАҒАЗ ЖӘНЕ КАРТОН ҚАЛДЫҚТАРЫ ӨҢДЕЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барып, Шұбар ауылында орналасқан «QAGAZPROM» ЖШС-нің қағаз және картон қалдықтарын терең өңдейтін зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Инвестициялық жобаның құны 1 млрд теңгені құрайды. Өндірістік нысан 5 гектар аумаққа орналастырылған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 5 875 тонна өнімді құрайды. Кәсіпорында тәулігіне 190 мың дана жұмыртқа лотогы, стақан ұстағыш және аяқ киім картоны секілді өнімдер шығару көзделген. Өндірілетін тауарлардың 70 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 30 пайызы экспортқа бағытталмақ.
Іс-шара кезінде облыс әкімі мұндай ірі жобалардың өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретінін атап өтіп, аудан тұрғындарын айтулы бастаманың басталуымен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
— Құрметті Ордабасылықтар! Бүгін біз қасиетті Ордабасы жерінде тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршамыз Шұбар ауылындағы «QAGAZPROM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макулатура және картон өндірісі зауытының құрылысына капсула салу рәсіміне жиналдық. Бұл – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына жаңа серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және инвестициялық жобаларды қолдауға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі бастама – осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі, Үкіметтің қолдауы мен инвесторлардың сенімінің жемісі. Макулатураны қайта өңдеп, картон өнімдерін өндіретін бұл зауыттың маңызы зор. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қалдықтарды тиімді пайдалануға және импортты алмастыратын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жобаның құны – 1 млрд. теңгені құрап, тәулігіне 190 мың дана дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, ал 30%-ы экспортқа бағытталатын болады. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Осы игі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторлар мен атсалып жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Жаңа зауыттың құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет етсін! Берекесі артып, жұмысы жемісті болсын! — деді.
Қазіргі таңда нысан аумағында іргетас қалау және қазаншұңқырды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін зауыт ғимаратын жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден салу жоспарланып отыр. Өндіріс үшін қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілуде.
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция көлемін арттыру және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Өңірде жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру, жұмыссыздық деңгейін азайту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында нақты жобалар әзірленіп, оларды іске асыру бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда.
