«ТЕМІРЛАН» ПАРКІНДЕ 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, Темірлан ауылында орналасқан «Темірлан» өндірістік паркінің тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы парк аумағындағы кәсіпорындарды аралап, өндірістік нысандардың қуаттылығын бағамдады және жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс барысын көрді. Сонымен қатар жауапты сала мамандарына тиісті міндеттер жүктеп, өндірістік жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Өндірістік парктің жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайды. Бұған дейін бірінші кезең аясында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта өндірістік парк аумағында жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 53 жаңа жұмыс орны ашылды.

Атап айтқанда, кәсіпорындарда кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар, түйіршіктелген жем, шыны өнімдері және металл бұйымдарын өндіру бағыттары жолға қойылған.

Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит Монтаж» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде.

Алдымен өңір басшысы кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар өндіретін «ALMEN GROUP» және ЖК «Б. Байдулла» кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Әр кәсіпорынның инвестициялық құны 350 млн теңгені құрайды. Өндіріс орындарында жылына 5 мың тонна өнім өндіріледі.

Бұдан кейін облыс әкімі металл бұйымдарын шығаратын «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС кәсіпорнының өндірістік қызметін көрді. Кәсіпорынның инвестициялық құны 230 млн теңге. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Сонымен қатар түйіршіктелген жем мен гидропоникалық өнімдер өндіретін «BAYSAL-A» ЖШС жобасының жұмыс жүйесі таныстырылды.

Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Нұралхан Көшеров «Facade Company» ЖШС кәсіпорнының шыны өндірісімен танысты. Жобаның құны 120 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыны өндіреді. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жалпы, «Темірлан» өндірістік паркінде жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр.

Облыс әкімінің бастамасымен өңірде өндіріс пен қайта өңдеу салаларын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жаңа өндірістерді іске қосу, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, жергілікті өнім көлемін ұлғайту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту.