ТҮРКІСТАНДА МАЛ БИРЖАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында Ақсукент ауыл округіне қарасты Ақсу елді мекенінде аустралиялық технология негізінде салынатын мал сату биржасының құрылысына арналған капсула салу рәсіміне қатысты. Өңір басшысы ауқымды жобаның облыс экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, оның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және инвестициялық әлеуетті арттыруға қосатын үлесін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін біз тарихы терең Сайрам жерінде тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршамыз Ақсу ауылындағы «RED GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал биржасы жобасының капсула салу рәсіміне жиналдық. Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Бүгінгі жоба – осы тапсырмалардың нақты жүзеге асуының жарқын көрінісі. «RED GOLD» ЖШС-нің мал биржасы – елімізде баламасы жоқ, ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл жоба – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Осы игі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторлар мен атсалып жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Нысанның құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет ететініне сенімдімін! – деді.
Жобаны «RED GOLD» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда жоба шеңберінде Аустралия компанияларынан коммерциялық ұсыныстар алынып, қажетті жұмыстар жүргізілуде. Ал металл конструкциялардан құрастырылатын қаңқаларды әзірлеу жұмыстарын түркиялық «Agro Fine» компаниясы атқаруда.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Оның 4,7 млрд теңгесі жеңілдетілген несие қаражаты болса, қалған 500 млн теңгесі инвестордың өз қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Нысан орналасатын жер телімінің көлемі – 24 гектар. Құрылыс материалдарының 30 пайызы Аустралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізіледі деп көзделіп отыр.
Мал биржасының құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Бүгінде құрылыс алаңында тиісті жұмыстар атқарылуда. Инвестор тарапынан нысанның құрылыс алаңын әзірлеу және іргетасын қалау жұмыстары қолға алынған. Ауқымды жобаны 2026-2027 жылдары іске асыру жоспарланған.
Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғаннан кейін бір мезетте 5 мың бас ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың бас уақ мал қабылдай алады. Сонымен бірге жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңгені құрайды деп күтілуде.
Аталған жоба өңірдегі мал саудасын халықаралық талаптарға сәйкес ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізу нарығын кеңейтуге және экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға елеулі ықпал етеді. Сондай-ақ мал биржасының іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тетіктерін жетілдіріп, өңірдегі мал шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін бермек.
