МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЗАУЫТ САЛЫНУДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sinopec» компаниясының вице-президенті Чжан Чжансинмен кездесті. Кездесу барысында Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан фосфоритті руданы терең өңдеуге бағытталған заманауи зауыт жобасының қазіргі ахуалы мен алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Құны 150 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жобаны «Созақ Фосфат» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба жергілікті минералдық-шикізаттық базаны тиімді игеріп, фосфоритті руданы өндіру, байыту және терең өңдеуді қамтитын толыққанды өндірістік кешен қалыптастыруды көздейді.
Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 2 млн тонна фосфатты руданы байыту, 1,6 млн тонна күкірт қышқылын, 600 мың тонна фосфор қышқылын, 600 мың тонна диаммоний фосфатын (DAP) және 600 мың тонна моноаммоний фосфатын (MAP), сондай-ақ 350 мың тонна синтетикалық аммиак өндіру жоспарланып отыр. Дайын өнімдер ішкі нарықта өткізілумен қатар, Қытай, Үндістан және жақын шетел мемлекеттеріне экспортталады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін ғана емес, еліміздің өнеркәсіптік дамуы үшін де айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Созақ ауданында іске асырылып жатқан фосфоритті руданы қайта өңдеу зауыты – тек өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуы үшін стратегиялық мәні бар ірі жобалардың бірі. Жоба іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты зауыт құрылысының сапалы, белгіленген мерзімде және халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылуы аса маңызды. Компания құрылыс сапасына, өндірістік қауіпсіздікке, экологиялық талаптарға ерекше назар аударады деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан жобаның табысты жүзеге асуына қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымдық мәселелер, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және жобаны толық сүйемелдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді.
Жоба «Индустрияландыру картасына» енгізілген. Мемлекеттік қорлар комиссиясының қорытындысына сәйкес, кен орнындағы фосфоритті руда қоры шамамен 1 млрд тоннаны құрайды. Руда құрамындағы фосфор мөлшері 20-30% шамасында.
Жобаның технологиялық бөлігін әзірлеу мақсатында Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd. компаниясымен EPC-келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта мамандар өндірістік алаң мен кен орнын қосымша зерделеп, керндер мен руда үлгілерін жинау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар шикізаттың сапалық және технологиялық көрсеткіштері нақтыланып, технологиялық шешімдер жан-жақты тексеріліп, верификациядан өткізілуде.
Техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылғы қазан айында аяқтау жоспарланған. Осыдан кейін жобалау жұмыстарын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды тұрғызу, теміржол желісін тарту, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, қажетті жабдықтарды сатып алу және зауыт құрылысын іске асыру кезеңдеріне көшу көзделіп отыр.
Кездесу барысында «Саутс-Ойл» холдингінің президенті Серікжан Сейтжанов жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, өндіріс орнына қажетті 300 жас маманды даярлау мақсатында оларды шетелге оқуға жіберу жоспарлануда.
Жоба толық көлемде жүзеге асқан жағдайда өңірде жоғары қосылған құны бар химия өнеркәсібінің жаңа өндірістік тізбегі қалыптасады. Фосфоритті руданы жергілікті жерде терең өңдеу нәтижесінде минералдық тыңайтқыштар мен химиялық өнімдер өндірісі жолға қойылып, импортты алмастыруға, ішкі нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай жасалады.
Сонымен қатар аталған зауыттың іске қосылуы алдағы 10 жыл ішінде бюджетке 43,3 млрд теңгеге жуық салық түсімін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Өндірістік кешенді 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
