ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа ғимараттың елдегі құқықтық тәртіпті сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың амандығын қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттырудағы маңыздылығына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тұрақтылық пен азаматтардың тыныштығын сақтау – басты міндеттердің бірі. Жаңа нысан қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды сапалы жүргізуге ықпал етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау ісінде сала мамандарының үлесі мол екенін атап өтті. Сонымен қатар еңбегімен ерекшеленген бір топ азаматты марапаттады.
Екі қабатты әкімшілік ғимаратта қызметтік міндеттерді атқаруға арналған кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар нысан аумағында бақылау-өткізу пункті, көлікке қызмет көрсету ғимараты және қызметкерлерге арналған санитарлық-тұрмыстық бөлмелер орналасқан. Ғимарат аумағы абаттандырылып, қызметкерлердің сапалы жұмыс істеуіне және спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалған.
Қонақтар жаңа ғимаратты аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.
