ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мәлім болды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық орындарда белгіленген тәртіп талаптарын бұзған азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданып келеді. Атап айтқанда, 434-2-бап бойынша 5382 әкімшілік хаттама толтырылып, 159,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 103,7 млн теңгесі өндірілді. Ал 505-бап бойынша 7231 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 41 млн теңге айыппұл салынды. Оның 29,7 млн теңгесі өндірілді. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3621 хаттама толтырылып, 20,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 3 243 ескерту және 378 айыппұл хаттамасы рәсімделген.
«Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы 2 401 өтініш келіп түскен. Оның 2 332-сі орындалып, 69 өтініш қазіргі уақытта орындалу үстінде. Бүгінде аталған Telegram чат-ботының қолжетімділігі мен танымалдылығын арттыру, сондай-ақ оны пайдалану тәртібін тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда.
Биылғы 11-12 тамыз күндері Келес, Қазығұрт аудандарында, ал 26-28 тамыз күндері Сауран, Отырар аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Бақылау қорытындысы бойынша жалпы 168 кемшілік анықталды. Оның ішінде 144-і – бей-берекет тасталған қоқыс орындарына, 14-і – саябақтар мен аллеялардың тазалығына, 10-ы – көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының санитарлық жағдайына қатысты. Анықталған кемшіліктерді толықтай жою және тиісті талаптарды қамтамасыз ету жөнінде аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда тазалық талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы Жол картасында белгіленген тармақтардың орындалуы бақылауда екенін айтты. Сонымен бірге облыс әкімі қоғамды экологиялық сауаттылыққа шақыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарды күшейту, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударды. Осы бағыттағы міндеттерді сапалы орындамаған аудан және ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.
