29 ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫП, 114 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында шағын өндірістік парктер кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы әрі тиімді алаңға айналып келеді. Қазіргі таңда өңір аумағында 29 шағын өндірістік парк құрылып, онда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 165-інің құрылыс жұмыстары толық аяқталған.

Өндірістік парктер аумағында жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 жоба қалыптастырылған. Бүгінде соның 114-і іске қосылып, өндірістік қуаттарды пайдалануға берді. Жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіруге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Жиын барысында облыс әкімі бірқатар аудан және қала әкімдерінің атқарған жұмыстарына сын-ескертпе айтып, өндірістік парктерге кәсіпкерлік нысандарды орналастыру, сондай-ақ екінші кезеңді жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Маған нақты нәтиже керек. Кәсіпкерге жағдай жасалса, нақты ұсыныс беріліп, келіссөздер дұрыс жүргізілсе, инвесторлар келеді. Сондықтан өндірістік парктерді тек ғимарат салу деп түсінбеуіміз керек. Ең бастысы – дайын нысандарды кәсіпкерлермен толтырып, өндірісті іске қосу. Әр жобаның артында инвестиция, өндіріс және жаңа жұмыс орны тұруы тиіс. Аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істеуі қажет, – деді.

Аппарат мәжілісінде Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбаевтың өндірістік парктерді қалыптастыру жұмыстарының қазіргі барысы жөніндегі есебі тыңдалды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, әрбір өндірістік паркте кемінде 5 өндірістік ғимараттан тұрғызу жоспарланған. Бірқатар аудандарда алғашқы кезеңдегі жұмыстар аяқталып, кәсіпкерлердің жобалары өндірістік іске қосылуда.

Атап айтқанда, Сауран ауданындағы 8 ауылдық округте өндірістік парктер ұйымдастырылып, 196 ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 130-ында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның 40-ы пайдалануға беріліп, 30 жоба іске қосылған. Аталған жобаларға 18,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 783 жұмыс орны құрылған.

Шардара ауданында 6 ғимарат бой көтеріп, жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 31 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазығұрт ауданында 6 жоба жүзеге асырылып, 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ордабасы ауданында құны 1,25 млрд теңге болатын 5 жоба іске қосылып, 53 жұмыс орны құрылды. Төлеби ауданында 1,2 млрд теңгенің 5 жобасы іске қосылып, 85 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістан қаласында аумағы 20 гектар болатын өндірістік парк құрылды. Мұнда жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын 4 жобаны орналастыру көзделген. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде 550 жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндірістік парктер аумағында жүзеге асырылатын жобаларды қаржыландыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз үлесін қосып отыр. Бүгінде осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 373,5 млн теңгені құрайтын 15 жоба қаржыландырылған.

Өндірістік парктерді қалыптастыру және ондағы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары облыс әкімінің тікелей бақылауында. Аталған бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы апта сайын өткізілетін штаб отырыстарында қаралып, тиісті міндеттер айқындалады.