МАЛ СҮЙЕКТЕРІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданында орналасқан «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының май және желатин компоненттерін өндіруге арналған зауытының құрылыс жұмыстарымен танысып, кәсіпорынның іске қосылуына дайындық барысын көрді.

Темірлан елді мекенінде бой көтерген өндіріс орны мал шаруашылығынан алынатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, мал сүйектерін терең өңдеуге маманданған. Кәсіпорынның негізгі өндірістік бағыты – мал сүйектерінен май және желатин компоненттерін алу. Бұдан бөлек, сүйекті ұсақтап, одан әртүрлі ыдыстар мен өзге де өнім түрлерін жасау, сондай-ақ жем өндіру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 9 млрд теңгені құрайды. Оның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорынның алғашқы өндірістік кезеңін биыл қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Осы кезеңде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін шығаруға есептелген. Ал жоба толық қуатына шыққан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта өндіріс нысанындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Бүгінде кәсіпорында жабдықтарды іске қосу және баптау жұмыстары жүргізілуде.

Инвестор алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның мүмкіндігін кеңейтуді көздеп отыр. Осы бағытта мал қанын да тиімді пайдаланып, одан қосымша өнім түрлерін өндіру мүмкіндігі зерделенуде.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін аталған кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл жергілікті шикізатты ұтымды пайдалануға, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыруға және өндірістік тізбекті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Нұралхан Көшеров зауытты белгіленген мерзімде іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін жедел түрде шешуді тапсырды.

Жобаның жүзеге асуы Ордабасы ауданында терең өңдеу бағытындағы өндірістерді дамытуға, мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға және жергілікті шикізат негізінде жаңа өндірістік тізбектің қалыптасуына мүмкіндік береді. Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі қайта өңдеу саласының әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы қалдықтарын экономикалық айналымға енгізуге жол ашады.