КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы Т.Бокин көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қазіргі жағдайымен танысып, тұрғындармен жүздесті.
Кездесу барысында облыс әкіміне тұрғын үйлердің жай-күйі, инженерлік инфрақұрылымы және аумақты абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді.
Жүздесу кезінде тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, оларды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды.
– Мемлекет тарапынан тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Аулаларды абаттандыру, тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту, инфрақұрылымын жаңарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Ал осы жаңарған үйді ұқыпты пайдалану, ауланы таза ұстау – тұрғындардың ортақ міндеті. Әрқайсымыз өз ауламыздың тазалығына жауапкершілікпен қарасақ, «Таза Қазақстан» бағдарламасының мәні де осында. Әрбір шағынаудандағы тұрғындар өздеріңіз секілді ауланы көгалдандырып, жанашырлықпен қараса, сана да тазара түсетіні анық, – деді Нұралхан Көшеров.
Тұрғындар өз кезегінде тұрғын үйлердің жаңғыртудан өткенін, шатырлары ауыстырылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, сондай-ақ аумақта тазалық сақтау және абаттандыру шаралары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы жұмыстарға байланысты облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетерлігі, тұрғындар өз аулаларын таза ұстауға және көгалдандыруға белсенді түрде атсалысып, «Таза Қазақстан» бағдарламасын нақты істерімен қолдап келеді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер орналасқан аумақта жасыл желек жайқалып, ауланың көркі арта түскен.
Т.Бокин көшесі Түркістан қаласының Яссы тұрғын үй алқабында орналасқан. Тұрғын үйлер 1950-1989 жылдар аралығында салынған. Аталған аумақта екі қабатты 18 тұрғын үй бар. Жалпы 298 пәтердің ауданы 15 191 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй аумағы қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.
Көпқабатты тұрғын үйлер автономды газ жүйесіне көшірілген. Сонымен қатар аумақта спорт және балалар ойын алаңдары орналасқан. Тұрғындардан түскен өтініштер негізінде техникалық зерделеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша анықталған ақауларды жоюға бағытталған тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы аудан аумағына 8 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазіргі таңда аталған бейнебақылау құралдары Түркістан облысы полиция департаментінің теңгеріміне берілген.
Сонымен қатар 2025 жылы 15 тұрғын үйдің сыртқы қасбетін бірыңғай сәулеттік келбетке сәйкестендіру мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Т.Бокин көшесіндегі №1, №3, №5, №7, №9, №11, №13, №15, №17, №19, №21, №41, №47А, №47/2 және С.Қожанов көшесіндегі №3 тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жүргізілді.
Жоба аясында тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлау және әрлеу, сондай-ақ қылталарды профнастилмен қаптау жұмыстары атқарылды.
Бұдан бөлек, 2012-2017 жылдары модернизация жобасы аясында тұрғын үйлердің шатырлары, кіреберістері және қасбеттері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
