ТҮРКІСТАН АГРАРЛЫҚ САЛАДА КӨШ БАСТАДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі мамандарының кәсіби мерекесіне орай «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі ұйымдастырылды. Ірі көлемдегі мерекелік шара барысында өңірдің агроөнеркәсіптік мүмкіндіктері кеңінен көрсетіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен сауда жәрмеңкесі өткізілді. Сонымен қатар саланың үздік мамандары мен жоғары нәтиже көрсеткен аудандарға құрмет көрсетілді.
Фестиваль аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлер өз өнімдерін жұртшылыққа таныстырды. Көрме қонақтары жергілікті тауарлардың сан алуан түрін көріп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ асыл тұқымды малдар мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған жобалардың экспозициясы ұсынылды. Көрме мен жәрмеңкені аралаған қонақтар Түркістан облысының аграрлық бағыттағы табыстарына жоғары баға берді.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Қазіргі таңда облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым қызмет атқарады. Бұл республикадағы жалпы агроқұрылымдардың 33 пайызын құрайды.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының өнімділігін көтеру, өндірісті жаңғырту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы міндеттерді орындау бағытында атқарылған жұмыстардың арқасында өңір аграрлық салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14 пайызы облысымыздың үлесіне тиеді. Биыл 10 айда 1 трлн 252 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7 пайызды құрады. Салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Экспорт көлемі 592 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге ұлғайды. Ал өңделген өнімдердің көлемі 150 млрд теңгеден асты. Бұл жетістіктердің барлығы – ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз жұмысының жемісі, – деді.
Мерекелік жиында ауыл шаруашылығы саласында үздік еңбек еткен қызметкерлерге мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің марапаттары тапсырылды. Елеулі еңбегімен танылған азаматтар «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге аграрлық салада үздік нәтиже көрсеткен Отырар ауданы бірінші орынға ие болды. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдіктері екінші және үшінші орындарды иеленді. Фестиваль шеңберінде «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Мерекелік бағдарлама концертпен аяқталды.
Айта кетсек, биыл өңірдегі егістік алқаптарының көлемі 9 мың гектарға артып, 920 мың гектарға жетті. Шаруалар 534 мың тонна астық, 1,7 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,5 млн тонна бақша дақылдарын жинады. Әсіресе мақта өндірісінде рекордтық көрсеткіш тіркелді. Заманауи агротехнологияларды қолдану нәтижесінде мақта өнімділігі гектарына 32 центнерге дейін көтеріліп, жалпы 556 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл – облыс тарихындағы ең жоғары нәтиже. Бұған қоса 5,6 млн тонна мал азығы әзірленді.
Мақта-тоқыма кластері аясында төрт мақта өңдеу кәсіпорны, тамшылатып суару таспалары мен пластик құбырлар өндіретін зауыттар және жіп иіру фабрикасы пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 1 200-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Шардара ауданында 32 млрд теңгеге бағаланған, жылына 150 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы зауыт іске қосылды. Биыл 50 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылып, олардың жалпы қамту аумағы 164 мың гектарға жетті.
Мал шаруашылығы бағытында да Түркістан облысының республикадағы орны ерекше. Қазақстаннан шетелге шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы осы өңірде өндіріледі. Биыл 10 ай ішінде 35,5 мың тонна сиыр еті және 25 мың тонна қой еті экспортталды. Өңірде ет кластерін өркендету мақсатында 75 мың басқа арналған алты бордақылау алаңы мен жылдық өндірістік қуаты 30 мың тоннаны құрайтын ет өңдеу кешені іске қосылды. Сонымен қатар жылына 5 мың тонна мал сүйегінен май мен пептон өндіретін кәсіпорын өз жұмысын бастады.
