БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН 10 АЙДА 356 ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру мәселелеріне арналған ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұралхан Көшеров:

– Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында нақты қадамдар жасап, оларды қайта оқыту мен кәсіпке баулу жүйесін қайта қарастырып, ұсыныстар әзірлеу қажет. Мінез-құлқында және әрекеттерінде ауытқушылық байқалатын, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке әрі мақсатты жұмыс жүргізу тетіктерін жетілдіріп, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізіп, нысаналы топтармен өзара жұмысты жандандырыңыздар, – деді.

Отырыс барысында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Данияр Баятанов пробация қызметінің бақылауындағы азаматтарды еңбекке тарту мәселесі бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, есепте тұрған 502 адам ақылы жұмысқа орналасқан.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев аймақта құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

Бүгінде облыста орнатылған 93 134 бейнебақылау камерасының 51 829-ы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Аталған камералардың көмегімен 10 ай ішінде 356 қылмыс ашылып, 120 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Интернет-алаяқтыққа қарсы жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде тіркелген қылмыстық деректер 42,8 пайызға азайған. Бұдан бөлек, заңсыз ақпарат таратқан 409-ға жуық интернет-ресурс бұғатталып, алаяқтық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 1 073 тұлғаның есепшоты бұғатталған.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл аясында 165 рейд ұйымдастырылып, 515 граффити жазуы өшірілген. Сонымен қатар есірткі таратуға қатысы бар 1 360 интернет-ресурсқа тосқауыл қойылған.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева «Заң мен тәртіп» идеологиясын дамытуға арналған 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың жүзеге асу барысын баяндады.

Өңірде заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 17 аудан мен қалада 1299 іс-шара өткізіліп, оған 135 мыңнан астам адам қатысқан. Жастардың бойында адалдық, еңбекқорлық, заңды құрметтеу және елге деген жауапкершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған 2 563 шара ұйымдастырылып, 175 мыңнан аса жас қамтылған.

Сондай-ақ құқық бұзушылық, нашақорлық, лудомания, буллинг және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша 1910 психопрофилактикалық іс-шара өткізіліп, 135 мыңнан астам жасқа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.