ЖЫЛЫЖАЙ КӨКӨНІСІНЕ ҚАЖЕТТІЛІГІНІҢ 63 ПАЙЫЗЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

«AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалінде Түркістан облысының жылыжай шаруашылығының мүмкіндіктері мен өндірістік нәтижелері көпшілік назарына ұсынылды. Қазіргі таңда өңір елімізде маусымаралық кезеңде жылыжайда өсірілген көкөністерге деген сұраныстың 63 пайызын өтеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын өркендету, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және отандық өнім өндірісін көбейту міндеттерін айқындап келеді. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың аграрлық мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану, өнім көлемін арттыру және ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүзеге асыруда.

Қазіргі уақытта Түркістан облысындағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жеткен. Биыл жылыжай кешендерінде 150 мың тонна көкөніс жиналды.

Жылыжай шаруашылығының өркендеуі тұрғындарды жыл он екі ай бойы балғын көкөніспен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Түркістан облысының жылыжай саласы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып отырған маңызды аграрлық бағыттардың бірі.