9 ЖАҢА МЕКТЕП ПЕН ҚОСЫМША ҒИМАРАТТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Білім күніне орай Түркістан облысында 9 жаңа мектеп пен қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Солардың бірі Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылында бой көтерді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауылдағы 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Тамыз кеңесінде балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды. Бүгін қасиетті Қазығұрт өңірінде тұрғындардың өтініші бойынша заманауи мектеп пайдалануға беріліп, осы ауылдағы білім беру ғимаратының мәселесі шешіліп отыр. Түркістан облысында мыңнан аса мектеп, 550 мыңнан аса оқушы бар. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз. Баршаңызды жаңа ғимаратпен және Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді.
Салтанатты жиында ҰҚК-нің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев та ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жергілікті тұрғындар, ата-аналар мен ұстаздар қауымы білім беру саласына көрсетіліп отырған қолдау үшін облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, жаңа білім ордасының ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Жаңа мектеп құрылысының жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Үш қабатты нысанда оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, мектепте 300 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт залы, шеберхана, медициналық кабинет және заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу сыныптары орналасқан. Сонымен қатар білім беру нысаны қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Мектеп электрмен, жылумен және сумен жабдықтау жүйелеріне қосылып, кәріз жүйесі жүргізілген.
Мектеп орналасқан жер телімінің жалпы аумағы – 7 125 шаршы метр, ал ғимараттың көлемі – 4 353 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы тамыз айында толық аяқталды.
Мектептің ашылу рәсімінен кейін өңір басшысы ауыл тұрғындарымен бірге жаңа нысанды аралап, оның материалдық-техникалық базасымен және оқу үдерісіне жасалған жағдайлармен танысты. Жаңа ғимаратта оқушылардың білім алуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Осылайша, шарбұлақтық оқушылар жаңа оқу жылын заманауи талаптарға сай жаңа білім ұясында қарсы алды.
Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі таңда өңірде 1106 мектеп, 1441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алуда. Яғни, Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы – Түркістан облысының тұрғыны.
Осыған байланысты облыста білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және оның материалдық базасын нығайтуға айрықша назар аударылып отыр. 2024-2025 жылдары өңірде 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет қаражаты есебінен 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың бірқатары пайдалануға тапсырылуда.
Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орнына арналған тағы 58 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 40 жаңа мектеп және 18 қосымша ғимарат бар. Аталған жобалар мектеп жоқ 3 елді мекенде жаңа білім ұяларын салуды, сондай-ақ 15 саман мектеп пен 20 ыңғайластырылған мектептің мәселесін шешуді көздейді.
Биыл Түркістан облысында 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектепті жаңғырту жоспарланған.
Аталған жұмыстардың барлығы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға, оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа мектептердің бой көтеруі мен қолданыстағы білім беру нысандарының жаңғыртылуы Түркістан облысындағы жас ұрпаққа сапалы білім алуға қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түспек.
