БАУЫРЛАС ЕЛДІҢ БІЛІМІ ҒЫЛЫМДА ДА БІРГЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТПЕК

Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясы Түркия Республикасына арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапардың басты мақсаты – биыл өз қызметіне алғашқы талапкерлерді қабылдаған Гази университеті филиалының жұмысын одан әрі жандандыру, сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы өзара серіктестікті кеңейту және жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту.

Қазақстандық делегацияны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев басқарды. Делегация құрамына ректор кеңесшісі Мұқаш Ескендіров пен Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков кірді.

Іссапар аясында қазақстандық делегация Гази университетінің ректоры, профессор Угур Уналмен кездесті. Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы қалыптасқан әріптестікті одан әрі нығайту және өзара ықпалдастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Тараптар, ең алдымен, Гази университетінің филиалы қызметін халықаралық академиялық білім беру талаптары мен стандарттарына сәйкес ұйымдастыру мәселесіне назар аударды. Сонымен бірге ғылыми-зерттеу саласындағы бірлескен бастамаларды жандандыруға және ортақ ғылыми бағыттарды дамытуға ерекше басымдық берілді.

Кездесу нәтижесінде тараптар бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеп, оларды практикалық тұрғыда жүзеге асыру, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуын қамтамасыз ету жөнінде өзара уағдаластықтарға қол жеткізді. Бұдан бөлек, докторантура бағдарламалары аясындағы академиялық байланыстарды кеңейту және ғылыми кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация Гази, Анкара және Таяу Шығыс техникалық университеттерінің бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы – NÖROM қызметімен де танысты. Аталған орталық нейроғылым және нейротехнология салаларында іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағдарланған.

Делегация өкілдері орталықтың ұйымдастырушылық құрылымы мен басқару жүйесін зерделеп, ғылыми зертханалардың қызметімен, зерттеу жобаларын іске асыруды ұйымдастыру тетіктерімен және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияның тиімді тәжірибелерімен танысты.

Түркиялық әріптестердің осы бағыттағы озық тәжірибесі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында заманауи ғылыми-зерттеу хабын құру жөніндегі бастаманы жүзеге асыруға негіз болмақ. Мұндай ғылыми орталық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, олардың арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында сондай-ақ бірлескен ғылыми зертханалар ашу, халықаралық ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу, докторанттарды даярлау, сондай-ақ жас ғалымдардың зерттеу және ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасу жүргізілді.

Тараптар білім беру саласындағы стратегиялық серіктестікті ғылыми-зерттеу бағыттарымен өзара сабақтастыра отырып дамытуға ниетті екенін білдірді. Бұл ретте бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру, халықаралық деңгейдегі жобаларды әзірлеу және екі елдің ғалымдары арасындағы кәсіби әрі академиялық байланыстарды одан әрі нығайту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.

Алдағы кезеңде Қазақстан мен Түркияның жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастықтары арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, ортақ ғылыми жобаларды іске асыруға, жас зерттеушілерді қолдауға және ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.