700 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорына 2 млрд, ал елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының орман қоры аумақтарында 2021-2025 жылдары 110 мың гектар жерге 170 млн көшет егу міндеті белгіленген болатын. Кешенді жоспар аясында аталған кезеңде 96 мың гектар аумаққа 146 млн түп көшет отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалды.

Биыл өңір аумағында күзгі маусым кезінде 700 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 20 мыңнан астам гүлді өсімдік өсіру көзделген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.

Жиында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов биылғы жылдың 7 айындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, мекемелер тарапынан анықталған кемшіліктерді жою және тиісті жұмыстарды ретке келтіру бағытында жүзеге асырылған шараларға тоқталды.

Жиналыста орман қорын қорғау, аумақтарды көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жай-күйі, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жан-жақты қаралды. Сонымен бірге өңірдегі орман алқаптарын кеңейту, көшет отырғызу жоспарының орындалу барысы мен оның деңгейі де талқылау өзегіне айналды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков сала басшылары мен мекеме директорларына орман қорын сақтау, оны қорғау және аумағын ұлғайту жұмыстарын жүйелі әрі сапалы түрде жүргізуді тапсырды.

Түркістан облысының орман қорының жалпы аумағы 3 млн 474 мың гектарды құрайды. Өңірде жалпы көлемі 355 гектар болатын 24 орман тұқымбағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталған тұқымбақтарда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн түп көшет өсірілуде. Олардың қатарында қарағаш, үйеңкі, терек, шаған, айлант, туя, арша, раушан гүлдері, алма, өрік, тұт, жиде, тал және басқа да өсімдік түрлері бар.