«ТҮРКІСТАН» ЕКІ ТОМДЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Түркістанда қасиетті шаһар мен өңірдің тарихы, мәдениеті, рухани мұрасы және тарихи-танымдық құндылықтарын қамтитын «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Облыс әкімі Түркістанның қазақ тарихындағы айрықша орнына тоқталып, жаңа басылымның тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанды «Түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы» деп атаған болатын. Түркістанның тарихи салмағы Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен тығыз байланысты. Ясауи ілімі бұл өңірді күллі түркі әлемінің рухани темірқазығына айналдырды. «Түркістан» энциклопедиясы алғаш рет академик Әбдімәлік Нысанбаевтың бас редакторлығымен жарық көрген еді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қала мен өңірде үлкен өзгерістер болды, тарихқа қатысты жаңа деректер ғылыми айналымға енді. Осыған байланысты энциклопедияны жаңартып, толықтыру қажеттілігі туындады.

Нәтижесінде тақырыптар кеңейтіліп, мақалалар саны екі есеге артты. Жаңартылған еңбек екі том болып жарыққа шықты. Облыс әкімі басылымды әзірлеуге үлес қосқан авторларға алғыс білдірді.

Таныстырылымды Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова жүргізді. Жиында энциклопедия авторлары – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі мен әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай сөз сөйледі. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулы Левент Гүржан, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған зиялы қауым өкілдері пікір білдірді.

Астана қаласындағы «Ғылым» баспасы әзірлеген 880 беттен тұратын екі томдық еңбек Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. Энциклопедияда Түркістан ұғымы қазіргі қала мен өңір тарихымен шектелмей, тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік аясында қарастырылған.

2021-2025 жылдарды қамтыған жобаны академик Дархан Қыдырәлі басқарды. Оған 300-ден аса ғалымның мақалалары мен зерттеулері тартылды. Төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, жаңа ғылыми деректермен толықтырылды. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға енбеген тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдар бойынша жаңа мақалалар әзірленді.

Екі томдықта Түркістан мен жалпы Түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты материалдар қамтылып, ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар, елді мекендер мен жер-су атаулары әліпбилік тәртіппен жүйеленген. Басылым түрлі-түсті фотосуреттер, карталар, тарихи тұлғалардың портреттері, миниатюралар, сызбалар және археологиялық әрі сәулет ескерткіштерінің суреттерімен толықтырылған.

Бұған дейін 1998 жылы бір томдық «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы жарық көрген. Одан бергі 28 жылдағы өзгерістер жаңа басылымда көрініс тапты. Атап айтқанда, Түркістан облысының құрылуы мен Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуы секілді тарихи оқиғалар қамтылды.

«Түркістан» екі томдық энциклопедиясы тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына, ізденушілерге және Түркістан мен Түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.