505 БАП БОЙЫНША 5635 ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Жыл басынан бері Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау бағытында 532 іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 187 тонна қоқыс шығарылып, экологиялық бастамаларға 84 639 жас қатысты. Сонымен қатар жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағына 260 жас тартылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәліметінше, мобильді топтар Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандарында рейдтік тексерулер жүргізген. Соның нәтижесінде 105 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасады.

«Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына 3 677 өтініш түсіп, оның 3 634-і орындалған. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Түркістан қаласы, Төлеби, Сайрам және Сауран аудандарында тұрғындардан келіп түскен өтініштер саны азайған.

Қоғамдық орындардағы тазалық талаптарының сақталуына қатысты 434-2-бап бойынша 6 366 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 192,8 млн теңге айыппұл салынды. Ал 505-бап негізінде 9 436 хаттама толтырылып, 55,7 млн теңге айыппұл белгіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан.

Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 5 635 хаттама толтырылып, 25,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар жүргізілген талдау барысында бірқатар ауылдық округтерде әкімшілік хаттамалар санының төмендігі белгілі болды.

3-7 қазан аралығында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойындағы тазалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, 136 кемшілік тіркелді. Оларды жою үшін жауапты мекемелерге бір апта мерзім берілді. Анықталған олқылықтардың белгіленген уақытта түзетілуі тұрақты бақылауда болады.

Жол бойында орналасқан, тазалық талаптарын орындамаған кәсіпкерлік нысандарына қатысты Полиция департаментімен бірлесіп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 40 тармақтан тұратын «Жол картасы» әзірленген. Онда белгіленген міндеттердің орындалуын бағалау үшін мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.

Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдіктеріне елді мекендердегі тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ рейдтік іс-шараларды күшейтіп, проблемалық аумақтарды тұрақты бақылауға алуды міндеттеді. Берілген тапсырмалардың орындалуы облыс басшысының бақылауында болады.