МЫҢ ОРЫНДЫҚ СТАДИОН ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТТІ
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында әлеуметтік нысандар жаңартылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Республика күні қарсаңында Сарыағаш қаласында күрделі жөндеуден өткен 1000 орындық орталық стадион қайта пайдалануға берілді.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтап, өңірдегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Ел бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын мерекеде орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне беріліп отыр. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және жастарға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Биыл жалпы құны 11,3 млрд. теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Былтырғы кездесуде өздеріңіз стадион мәселесін көтерген едіңіздер. Бүгінде халықтың осы өтініші орындалып, стадион толық жаңғыртудан өтті. Стадионда жасанды жабынды футбол алаңы, 400 метрлік жүгіру жолағы, шағын футбол, стрит-воркаут алаңшалары салынып, заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілді. Жаңарған нысан болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге, сондай-ақ аудандық, облыстық және республикалық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді етіп, өңірдің спорттық әлеуетін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы жерден көк туымызды биікке көтеретін талай чемпиондар шығып, еліміздің атын дүниежүзіне танытады деп сенемін, – деді.
Сарыағаш қаласының орталық стадионын күрделі жөндеуден өткізуге 807,5 млн теңге бөлінген. Жалпы аумағы 1,5 гектарды құрайтын нысанның тапсырыс берушісі – Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Құрылыс жұмыстарын «БИБО-строй» ЖШС атқарды.
Жөндеу аясында көрермендерге арналған 1000 орын жаңартылып, трибуналардың үсті жабылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 20 арнайы орын қарастырылды. Футбол алаңына жасанды газон төселіп, 400 метрлік жүгіру жолағы, воркаут және шағын футбол алаңшалары салынды. Сондай-ақ стадион заманауи жарықтандыру жүйесімен жабдықталды.
Жаңғыртылған спорт кешені қала тұрғындарына, әсіресе жастарға тұрақты түрде спортпен айналысуға, шеберліктерін шыңдауға және түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта стадионда 5 жаттықтырушының жетекшілігімен 200-ге жуық оқушы спортпен шұғылданады.
