БЫЛТЫРҒЫ ӨТІНІШТІҢ ЕСЕБІ БИЫЛ БЕРІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, халықты алаңдатқан түйткілдер мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар кеңінен сөз болды.
Жиын барысында өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына назар аударып, құжатта айқындалған басымдықтарды облыс көлемінде тиімді әрі сапалы орындаудың өзектілігіне тоқталды.
Нұралхан Көшеров
– Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және реформаларды нақты нәтижелермен жалғастыру міндеттерін айқындады. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға және сіздердің мәселелеріңізді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, – деді.
2026 жылдың 9 айындағы қорытындыға сәйкес, Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 192,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 111,7 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 9,2 млрд теңгені құраса, оның 4,8 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Негізгі капиталға салынған инвестиция 37,7 млрд теңгеге жеткен. Құрылыс саласындағы жұмыстардың құны 19,3 млрд теңгені құрап, 20,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 91,7 млрд теңгені құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан облыс аумағында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінен 2-орынға табан тіреген. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесімен 4-орынға орналасқан.
Білім беру саласында да бірқатар маңызды нысан ел игілігіне берілген. Атап айтқанда, өткен жылы «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде Ақниет елді мекенінде 600 орындық білім ұясы ашылса, биыл Жетісай қаласында 1500 оқушыға арналған мектеп пайдалануға тапсырылған. Сонымен қатар Жылы су елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана тұрғындар игілігіне берілді.
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында биыл 3 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-і немесе тұрғындардың 98,4 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.
Сумен жабдықтау саласында былтыр 4 елді мекендегі жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын су құбырлары жаңартылған. Ал биыл 5 елді мекенде 30 шақырым ауыз су желісін, 3 су мұнарасы мен 1 су резервуарын ағымдағы жөндеуден өткізу шаралары қолға алынған.
Тұрғын үймен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы 84 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2026 жылдың соңына дейін баспана кезегінде тұрған азаматтарға 64 пәтерді табыстау көзделген.
Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 7 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Биыл Ақниет және Абай елді мекендерінде тағы 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын тәмамдау жоспарланған. Сонымен бірге Асықата кентіндегі аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында ел игілігіне қайта ұсынылады.
Облыс әкімі ауданның қол жеткізген даму қарқынын төмендетпей, экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін баса айтты. Осыған орай аудан басшылығына инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру, қосымша жұмыс орындарын қалыптастыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды міндеттеді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің тазалығын сақтау, көріктендіру және абаттандыру шараларын жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.
Басқосу кезінде 2025 жылы тұрғындармен өткізілген кездесуде айтылған өтініштер мен мәселелердің орындалу жайы да назарға алынды. Былтыр жұртшылық тарапынан 7 мәселе көтеріліп, соның 5-еуі оң шешімін тапқан. Қалған 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар әлі де жалғасуда.
Кездесу соңында тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға салып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Қойылған сұрақтарға жауап беріліп, көтерілген мәселелердің шешілу барысы бақылауға алынатыны айтылды.
