МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТТІҢ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛМЕК
Түркістан облысында күзгі көгалдандыру науқаны бастау алды. Осы мақсатта басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан аудан және қала әкімдіктеріне 700 мыңға жуық көшет үлестіріледі. Күзгі отырғызу жұмыстары тәмамдалғаннан кейін басқарма өкілдері, орман шаруашылығы қызметкерлері мен аумақтық инспекция мамандарынан жасақталған жұмыс тобы егілген көшеттердің жағдайын тексеру үшін бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлім болды.
Нұралхан Көшеров:
– Күзгі көшет егу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырамын. Берілген көшетті 100 пайыз егіп, оны күтіп-баптау, суғару мәселесін де назарға алыңыздар. Әрбір аудан, қала бойынша осы бағыттағы жұмыстар қатаң қадағаланады, – деді.
Жиын барысында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов өңірде жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру шаралары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндады.
Оның мәліметінше, Түркістан облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 3 млн 165 мың гектарды құрайды. Мемлекет басшысының республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына орай, облыстың орман қоры аумағында өтке жеті жылда 110 мың гектар жерге 170 млн түп сексеуіл көшетін егу көзделген кешенді жоспар бекітілген. Жоспар аясында 2021-2025 жылдары 96 мың гектар алқапқа 146 млн түп сексеуіл отырғызылды. Нәтижесінде жоспарлы көрсеткіш 116 пайызға артығымен орындалған. Ал егілген көшеттердің жерсіну деңгейі орта есеппен 50-53 пайызды көрсетіп отыр. Биыл қараша-желтоқсан айларында 14 000 гектар аумаққа 24 млн түп көшет отырғызу жоспарланған.
Түркістан қаласының маңындағы «Жасыл белдеу» 29 544 гектар аумақты қамтитын 6 орманшылықтан тұрады. Қазіргі уақытта оның 19 471 гектарына түрлі ағаш көшеттері егілген. Соның ішінде 11 134 гектары сексеуіл алқаптарына, 8 337 гектары жапырақты ағаштарға тиесілі. Екпелердің өнімділігін жақсарту мақсатында биыл көктемде 1 805,5 гектар аумаққа толықтыру жұмыстары жүргізіліп, 596 020 түп көшет отырғызылды. Ал күзгі кезеңде 6296,1 гектар жерге қосымша 1 190 127 түп көшет егу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қытайлық кәсіпкер-инвестор «Лихуа» компаниясының тәжірибесін негізге ала отырып, терек қаламшаларын отырғызу жобасы қолға алынған. Осы бағытта орман шаруашылығы мекемелеріне тиесілі жалпы көлемі 40 гектар жерге 1,4 миллион түп терек қаламшасын егу межеленген. Қазіргі таңда жерді әзірлеу жұмыстары басталып кетті.
Күзгі ағаш отырғызу науқанына әзірлік шеңберінде аудан және қалалар бойынша көгалдандыру сызбалары әзірленіп, қажетті ұйымдастыру шаралары атқарылуда. Осыған байланысты 2026 жылдың күзгі кезеңінде елді мекендерді жасыл желекке бөлеу үшін бөлінетін көшеттердің сапасын тексеру, оларды босату және отырғызу барысындағы жауапты тұлғалардың міндеттерін нақтылау жөніндегі іс-қимыл алгоритмі бекітілді.
Аталған тәртіпке сәйкес, орман шаруашылығы мекемелерінен алынған көшеттерді белгіленген орындарға жеткізіп, отырғызу жұмыстарын 3 күннің ішінде аяқтау қарастырылған. Сондай-ақ аудан-қалалардың күзгі көгалдандыру маусымына дайындығын бағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы көшет егілетін аумақтарды аралап, жерлердің қоршалуын, суару жүйелерінің жағдайын және шұңқыр қазу жұмыстарының орындалуын тексерді.
Басқарма қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы аумағы 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Аталған орындарда ағаштар мен бұталардың 21 түрінен 12,3 млн түп көшет өсірілуде. Ал келер жылдың көктемінде аудан және қала елді мекендерін көгалдандыру үшін осы тұқымбақтардан 300 мыңға жуық көшет босату жоспарланған. Бұл бағытта 14 аудан мен қала әкімдіктері жер телімдерін бөліп, өз тұқымбақтарын ашқан.
