«МӘДЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Түркістан облысының әкімдігімен, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Экология және табиғи ресурстар министрліктерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен, БҰҰ Даму бағдарламасымен (UNDP), БҰҰ Балалар қорымен (UNICEF), БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен (UNFPA), «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен (UN Women), Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігімен, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетімен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен, Халықаралық туризм және меймандостық университетімен және «ECOJER» қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырды.
Халықаралық пікір алмасу алаңына шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының, Құрылтай депутаттарының, мемлекеттік мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми орта мен азаматтық қоғам өкілдері жиналды.
Ұлттық тарихи мұраны, құқық философиясын, білім мен ғылымды, сондай-ақ халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениетті жетілдіру және заманауи конституционализмді өркендету симпозиумның негізгі тақырыбы болды.
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин симпозиумға қатысушыларға құттықтау жолдады. Ол басқосудың Егемендікпен қатар негізгі конституциялық құндылық саналатын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Жаңа халықтық Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау мемлекет қызметінің басты қағидаттарының қатарына енгізілген. Вице-Президент Конституцияның тек Ата Заң ғана емес, сонымен бірге адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім екенін баса айтты. Конституция нормаларының толық жүзеге асуы азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейіне, заңды құрметтеуіне және конституциялық қағидаттарды тұрақты ұстануына тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Дәдебай симпозиум қатысушыларына арналған құттықтауында конституциялық құндылықтарды заңнамалық деңгейде бекіту, қоғам мүдделерін қорғау және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністікке негізделген диалогті дамыту жөніндегі өкілді органның міндеттеріне тоқталды.
Пленарлық отырысты бастаған Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова симпозиумның 2025 жылы бастау алған Конституция үстемдігі мәдениетін нығайтуға арналған халықаралық кәсіби диалогтің жалғасы екенін айтты. «Конституция мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік оларды нақты істер мен іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырады», – деді Эльвира Азимова.
Қатысушылар құқық пен мәдениетті сабақтастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының айрықша маңызын атап, олардың қоғамның күнделікті тіршілігінде нақты іске асырылуына назар аударды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан мекен ретінде Түркістанның тарихи әрі рухани мәнін атап өтіп, өңірдің халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі дамытудағы әлеуетіне тоқталды.
Симпозиум делегаттарына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа құттықтау сөздерін арнады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Құрылтайы мен мемлекеттік органдарының, Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық соттарының, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының, БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP), БҰҰ Балалар қорының (UNICEF), БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA), «БҰҰ-әйелдер» құрылымының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің, Фридрих Эберт атындағы қордың, дипломатиялық корпус пен ғылыми-академиялық қауымдастықтың, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Maqsut Narikbayev University, Caspian University, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының, Любляна университетінің (Словения), Оснабрюк университетінің (Германия), Вильнюс университетінің (Литва), Анкара Хажы Байрам Вели университетінің, Хажеттепе университетінің, Эскишехир Османгази университетінің (Түркия), Ош мемлекеттік университетінің, К.Ш. Токтомаматов атындағы халықаралық университеттің (Қырғызстан), Стоуни-Брук университетінің (АҚШ), Имам Бұхари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының (Өзбекстан) өкілдері белсене қатысты.
Симпозиум жұмысына БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Акмал Саидов, БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің мүшесі Мадина Жарбосынова және Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева да атсалысты.
Симпозиум шеңберінде конституциялық құндылықтар мен мемлекеттілікті нығайту, құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, бизнес саласында адам құқықтарын қорғау, орнықты даму, әлеуметтік саясат, отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар жауапкершілігі мәселелеріне арналған тақырыптық сараптамалық сессиялар, қонақ дәрістері және тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылды.
Симпозиум халықаралық кәсіби әріптестікті нығайтуға және конституциялық құндылықтар құқықтық институттарда ғана емес, қоғамдық санада, мәдени дәстүрлерде және азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табатын құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған.
