ПРЕЗИДЕНТТЕР КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Президенті Германия Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі стратегиялық серіктесі ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Германия – біз үшін маңызды ел, Еуропадағы негізгі серіктесіміз. Сіздердің мемлекетпен ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Германияға жасаған сапарым туралы ойыммен бөліскім келеді. Өзім бұрыннан жақсы білетін Штайнмайер мырзамен келіссөз жүргіздім. Ал парламентаралық байланыстарға келетін болсақ, мен ықпалдастықтың бұл бағытын қолдаймын, – деп, мәртебелі мейманға еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттары жайында әңгімелеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев
– Қазір ірі инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру және жасанды интеллектті дамытуға күш салу керек деп ойлаймыз. Сонымен қатар көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларын да өркендету қажет, – деді.
Мемлекет басшысы Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси реформалар жүргізілгенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев
– Заңнамаға, ең әуелі, Конституцияға жасалған өзгерістер Қазақстанның жаңғыру жолына түбегейлі түскенін көрсетеді. Әрине, реформалар жалғасып жатыр. Құқық қорғау және сот жүйесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл – өте маңызды. Бірақ мемлекеттің құрылымы, мен бұл жерде президенттік басқару жүйесі туралы айтып отырмын, бұрынғы қалпында сақталады. Өйткені қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттің сипаты осындай болуға тиіс. Бұл біздің түсінігімізге сай келеді, – деді.
Анке Релингер кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел игілігі жолында ортақ мақсаттарды ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
Анке Релингер
– Ой-пікір алмасуға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет. Сіздің ыстық ықыласыңызды Федералдық Президент Штайнмайерге жеткіземін. Ол – Қазақстан мен Орталық Азияның шынайы досы. Қазақстан орта держава ретінде біздің осы өңірдегі негізгі серіктесіміз, – деді.
Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.