ПРЕЗИДЕНТ ҚЫРҒЫЗСТАНДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Манас халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді.
Өз кезегінде Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.
Садыр Жапаров:
– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді.
Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапарының мақсаты – қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді, – деді.
Президенттің айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге мән береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс, – деді.
Қырғызстан Президенті Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді.
Садыр Жапаров:
– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды. Қалыптасқан татулығымыздың негізінде біз барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген, – деді.
Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттап, Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қырғыз экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың, ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік салада, ғылым-білім жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалуда. Мұның барлығы қырғыз елінің экономикасын нығайтып, халықаралық сахнадағы абырой-беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Сіздің көреген қадамдарыңыз аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Парасатты басшылығыңызбен бауырлас қырғыз жұрты бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін, – деді.
Президент Қазақстанда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, ағайынды халықтар, салт-дәстүрі мен тарихы ортақ елдер. Біздің тіліміз бен діліміз, атымыз бен затымыз – ұқсас. Бүгінде елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнаған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріптестігі қарқынды дамып жатыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып жатсыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-қырғыз ықпалдастығы жаңа қарқын алды. Стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған тың бастамалар көтерілді. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай жаңа ортақ жобалар қолға алынды. Маңызды бастамалар қос халыққа тән шынайы бауырластықты көрсетіп, достығымызды одан әрі бекемдей түседі деп санаймын. Қазіргі алмағайып кезеңде осы ынтымағымызды күшейтудің айрықша мәні бар. Себебі, біздің мызғымас бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз. Қырғыздың залқар ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың «Жақсы адамның белгісі – ел қамы үшін күйінер» деген сөзі бар. Сіз қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сондай-ақ халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатсыз. Мұны барша қазақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрметі мен шынайы алғысының риясыз белгісі, – деді.
Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді.
Сондай-ақ бұл екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының жоғары деңгейін айқындайтынын атап өтіп, уақыттың барлық сынынан өткен ынтымақтастықтың алдағы кезеңде де нығая беретініне сенім білдірді.