2-3 ЖЫЛДА ЖОЙЫЛАДЫ

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес биыл да ерте басталды. Бұрын соңды қазіргідей белсенді жұмыс жүргізілмегендіктен, зиянкес дендеп кеткен екен.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш және Келес аудандарындағы шегіртке зиянкесінің ошақтарына барды. Болжам орталығы мамандарымен күбіршелердің орналасу тығыздығын тексеріп көрді.

Өңірде марокко шегірткесінің күбіршелерін анықтау үшін 52 900 га аумақта зерттеу жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін Арыс қаласы Қожатоғай, Монтайтас ауылдық округтерінің шекаралық аймақтарында 800 га зерттеліп, 18 га жерде күбіршелер табылды. Кей аумақтарда 1 м² жердегі тығыздығы 120 данаға жетсе, енді бір алқаптарда 1-данаға дейін кеміген.

Сарыағаш ауданы Әлімтау, Дарбаза ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 200 га зерттеліп, 21 гектарда анықталды. 1-2 м жердегі тығыздығы 25-56 дана. Зақымдану деңгейі 14–17%.

Келес ауданы Бозай, Бірлік ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 250 га зерттеліп, 23 га аумақта күбіршелер анықталды.1м2 жердегі тығыздығы орта есеппен 30-60 дананы құрап отыр.

Былтыр күзде тәжірибе ретінде, 1000 гектардан астам ошақты алқаптарда жер жырту (айдау) әдісі қолданылған болатын. Аударылған ошақтарда күбіршелердің зақымдануы 10-15 пайызды құраған.

2025 жылы шегірткелердің тұқым салу кезеңінде 2246 ошақ белгіленген. Мамандар кей алқаптарда күбірше тығыздығы төмендегенімен таралу аумағының ұлғаюы мүмкін екенін айтады.

Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдерінің орынбасарларына биылғы жұмыстың да оңай болмайтынын ескертіп, ықтимал тәуекелдер мен оларға қатысты қадамдық әрекет жоспарын шұғыл ұсынуды тапсырды. Мамандар осылай күрес жалғаса берсе, енді 2-3 шегірткенің жойылатын да жоққа шығармайды.