МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ПАРИЖДЕ ЯДРОЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӨНІНДЕГІ БҮКІЛӘЛЕМДІК САММИТТЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан делегациясы Париж қаласында өткен Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммитке қатысты.

Ауқымды жиынға 50-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшылары, мемлекеттік органдар жетекшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, қаржы институттары, өнеркәсіп және сарапшылар қауымдастығы қатысты. Саммит барысында азаматтық ядролық энергетиканың қазіргі энергетикалық және климаттық сын-қатерлер жағдайындағы рөлі талқыланды. Қазақстан тарапынан іс-шараға Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев те қатысты.

Мәжіліс төрағасын қарсы алған Эммануэль Макрон Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін жеткізіп, Саммитке қазақстандық делегация жібергені үшін алғыс білдірді.

Форумды ашқан Франция президенті ядролық энергетиканы қазіргі әлемдегі прогресс, өркендеу және ұлттық егемендіктің маңызды факторы ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен уранның сенімді жеткізушілері саналатын бірқатар елдердің рөліне тоқталып, бейбіт атом саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Ал, Урсула фон дер Ляйен азаматтық ядролық энергетикадан бас тарту Еуропа үшін үлкен стратегиялық қателік болғанын айтты. Осыны ескере отырып, Еуропалық Одақ инновациялық ядролық технологияларға инвестиция тартуды қолдау мақсатында 200 миллион еуро көлемінде кепілдік қорын құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Өз сөзінде Мәжіліс спикері Франция басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы сәлемін жеткізді. Сондай-ақ қауіпсіз әрі тұрақты атом энергетикасын дамыту үшін халықаралық деңгейде күш-жігерді біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

Ерлан Қошанов қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында бейбіт атомның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан барлық келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы шешуді әрдайым қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар Қазақстанның отыз жылдан астам уақыт бойы жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан.

Жиында Мәжіліс төрағасы өнеркәсіп, ғылым және білім салаларын біріктіретін ұлттық ядролық кластер қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы да айтты. Халықаралық атом энергиясы агенттігімен ынтымақтастық аясында Қазақстан радио-фармацевтикалық препараттар өндірісін кеңейтіп, заманауи диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін арттыруға күш салып келеді. Сонымен қатар еліміздің Ұлттық ядролық орталығы халықаралық ғылыми-зерттеу алаңына айналып отыр.

Сөз соңында Ерлан Қошанов Қазақстан алдағы уақытта да атом саласындағы саясатты Халықаралық атом энергиясы агенттігі стандарттарына сай жүргізіп, ашықтық, сенім және халықаралық серіктестікті нығайта беретінін айтты. Ол Париж саммитінің Бірлескен декларациясын қабылдау бастамасын қолдап, оны бейбіт атомды дамытуға бағытталған жаһандық және ұлттық стратегияның маңызды бөлігі ретінде бағалады.