ҮНЕМДІ СУ — МОЛ ӨНІМ

Түркістан облысында суару кезеңі бекітілген кестеге сәйкес уақытылы басталды. Осы бағыттағы өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының жауапты өкілдерімен бірге пысықталды.

Шардара ауданында су шығыны аз дақылдарға көшу тапсырмасы аясында күріш алқабы 3,4 мың гектарға қысқартылып (2025 жылы – 5,9 мың га), жүгері көлемін 6,5 мың гектарға дейін арттыру (2025 жылы – 4,1 мың га) жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта ауылдық округтерге нақты жоспарлар бекітіліп, шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жетісай ауданында 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген. Бүгінгі күнге дейін 163 шаруа қожалығымен 4983,2 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін орнату жөнінде келісімдер жасалған.

Мақтаарал ауданында да 8 мың гектар алқапты су үнемдеу тәсіліне көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 3408,4 гектарына келісім-шарттар рәсімделген.

Нұрбол Тұрашбеков:

Бір шаруашылықтың қарызы өзге диқандарға кері әсер етпеуі тиіс. Қаражатты өндіріп алу жұмыстарын күшейтіңіздер. Электронды келісім-шарттарды толық іске қосу қажет. Су бөлу кезінде дақылдардың ерекшелігін ескеріп, әділ кезектілік сақталсын. Әрбір шаруа еңбегіне құрметпен қарап, өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен атқарыңыздар, – деді.

Вегетациялық кезеңде туындайтын мәселелерді жедел қарап, заң аясында нақты шаралар қабылдау міндеттелді.