ҚЫРЫҚ ЖЫЛ КҮТКЕН МӘСЕЛЕ: ТІРШІЛІК НӘРІ ЖЕТЕТІН БОЛДЫ
Шардара ауданының халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ұзақ жылдар бойы қордаланған бұл мәселенің шешім табуы – тұрғындар үшін маңызды жаңалық.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс алаңында болып, Шардара қаласы аумағындағы «Шардара су электр станциясы» маңында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым жүйелерін аралады. Жоба аясында 35/6/0,4 кВ «Тама» қосалқы станциясында қуаттылығы 2 500 кВА трансформатор орнатылған. Сонымен қатар 110/35/6 кВ «Шардара су электр станциясы» қосалқы станциясында 10 000 кВА трансформаторды іске қосу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, №14 Бекет шағын ауданынан су жинау нысанына дейін ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын, SDR 11, диаметрі 355 мм болатын екі желілі су құбыры тартылуда. Бұл – өңірдегі инженерлік желілерді жаңғырту мен халықты таза ауыз сумен қамту бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Айта кету керек, Шардара халқының сапалы ауыз су мәселесі қырық жылдан астам уақыт бойы толық шешімін таппай келген болатын. Тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізуде қиындық көріп, тұрмыстық тұрғыда бірқатар мәселелерге тап болды. Бүгінде бұл түйткілдің кезең-кезеңімен шешілуі – жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Аталған жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты тарапынан көрсетілген қолдау да ықпал етті. Халықтың көкейіндегі мәселені көтеріп, тиісті шешімдердің қабылдануына серпін беру – ел игілігі жолындағы маңызды қадам болды.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі мердігер ұйымдар мен жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алу, қауіпсіздік техникасы талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ету, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау, техникалық және авторлық қадағалауды күшейту қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға толық сәйкестікте жүргізілуі тиіс екені ескертілді.
Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде су құбыры мен қосалқы жүйелерді уақытылы әрі сапалы іске қосу, тапсырыс беруші мекеме мен жауапты мамандардың үйлестіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де тапсырылды. Бұл – жобаның тиімді әрі сапалы жүзеге асуына негіз болады.
Жалпы, таза ауыз су – адам денсаулығының басты кепілі. Сапалы су ағзадағы зат алмасуды реттеп, иммунитетті нығайтады, ішкі ағзалардың дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, зиянды заттардың шығарылуына көмектесіп, адамның өмір сапасын жақсартады. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық жобалардың әлеуметтік маңызы айрықша.
Тама–Тастанбек су жүйесінің іске қосылуы – тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға, денсаулығын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетін болады. Ең бастысы – қырық жылдан бері шешімін таппай келген мәселе нақты жүзеге асып, халық игілігіне қызмет ететін кезеңге жетті.
