МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРДЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҮРГІЗІЛДІ
Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан облысының Төлеби ауданында кезекті жалпыхалықтық сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған іс-шара аудан аумағындағы санитарлық жағдайды жақсартуға, табиғи ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға арналған.
Тазалық жұмыстарының негізгі бөлігі Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында жүргізілді. Іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, қатысушылармен бірге белсенді еңбек етті. Бұл өз кезегінде тұрғындарға үлгі болып, ортақ іске жұмылуға серпін берді.
Сенбілікке аудан тұрғындары, ерікті жастар, мемлекеттік қызметшілер, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ түрлі ұйымдардың ұжымдары кеңінен атсалысты. Жалпы саны 11 мыңнан астам адам жұмылдырылып, бір күн ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұндай белсенділік өңір тұрғындарының туған жердің тазалығына деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді.
Іс-шара барысында аудан көлемінде 1500 түп көшет отырғызылып, жасыл желек қоры айтарлықтай толықтырылды. Бұл жұмыстар Төлеби ауданының табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілді. Өйткені аудан – таулы әрі туристік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан табиғаттың көркемдігін сақтау, орман алқаптарын көбейту және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі болып саналады.
Сонымен қатар сенбілік аясында шамамен 1000 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жол бойлары, демалыс орындары, саябақтар, арық-атыздар мен су арналары ретке келтіріліп, санитарлық жағдайы жақсартылды.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері Төлеби ауданында 75-ке жуық тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде жүздеген шақырым автомобиль жолдары, ирригациялық жүйелер мен қоғамдық орындар тазартылып, елді мекендердің келбеті айтарлықтай жақсарды.
Төлеби ауданының таулы аймақ екенін ескерсек, мұнда тазалық сақтау тек эстетикалық мәселе ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылықтың негізгі кепілі болып табылады. Туристер жиі келетін өңір болғандықтан, табиғатқа түсетін жүктеме де артады. Осы ретте әрбір азаматтың жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Қалдықтарды ретсіз тастау топырақтың сапасын төмендетіп, су көздерінің ластануына әкелуі мүмкін.
Дегенмен табиғатқа зиян келтірмей, керісінше оның құнарлылығын арттырудың қарапайым жолдары да бар. Мысалы, жеміс-жидек қалдықтарын бейберекет тастамай, ағаш түбіне қалдыру топыраққа пайдалы органикалық тыңайтқыш ретінде әсер етеді. Уақыт өте келе мұндай қалдықтар шіріп, гумусқа айналады да, жердің құнарын арттырады, ылғалды сақтау қабілетін жақсартады. Бұл әсіресе таулы аймақтардағы өсімдіктердің өсуіне оң ықпал етеді.
Осылайша, табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау тек сенбілікпен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Әрбір тұрғын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, қарапайым экологиялық әдеттерді ұстанған жағдайда ғана өңірдің табиғи байлығы сақталып, келер ұрпаққа таза күйінде жеткізіледі.
