ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ — ТЫНЫШТЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған мереке елдегі татулық пен тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен өзара құрметтің айқын көрінісі ретінде жоғары деңгейде өтті.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аймақ басшысы бірлік пен ынтымақ – ел дамуының басты тірегі екенін атап өтіп, Қазақстан халқының татулығы мен өзара түсіністігі мемлекеттің тұрақты дамуының негізі екенін ерекше жеткізді. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың арқасында елімізде этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық нығайып келе жатқанын атап өтті.

Мерекелік шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, көп жылдар бойы адал еңбек еткен этномәдени бірлестіктердің өкілдері арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – қоғамдағы әртүрлі этностардың ел дамуына қосқан үлесін бағалаудың нақты көрінісі.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Фараб» би ансамблі, «Семсер» тобы, белгілі өнерпаздар Гүлнұр Нұратаева, Мадина Бекболат, Құралай Қасымова, «Ай-дана» дуэті, Айдар Досымжан, Әсима Тілектес және «Арнау» тобы өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Концерт барысында еліміздегі достық, бірлік, мәдени әралуандылық тақырыптары кеңінен дәріптеліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

Айта кету керек, Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», «Бейбітшілік пен келісім», «Адал азамат», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары аясында түрлі тәрбиелік және танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бастамалар қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары – этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, медиация институты, ғылыми-сараптамалық топтар мен жастар ұйымдары өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Олар түрлі әлеуметтік жобалар мен акцияларға, соның ішінде «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді түрде қатысып, қоғам игілігіне қызмет етуде.

Бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюы – ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің ғана емес, халықаралық деңгейдегі беделді арттырудың да маңызды факторы. Қазақстанның көпэтносты қоғамы әлемдік қауымдастық алдында бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің дипломатиялық қатынастарын дамытуға, шетелдік инвестицияларды тартуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға оң ықпал етуде.

Президент жүргізіп отырған бейбітшілік пен келісімге негізделген саясат ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап қана қоймай, Қазақстанды халықаралық аренада сенімді әріптес ретінде танытуда. Этносаралық татулық пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген бұл саясат – ел дамуының берік іргетасы.

Қазіргі таңда Түркістан облысының экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті қарқынды түрде артып келеді. Бұл жетістіктер, ең алдымен, қоғамдағы бірлік пен келісімнің нәтижесі екені сөзсіз. Ел ішіндегі тұрақтылық пен татулық – кез келген бастаманың табысты жүзеге асуына негіз болатын басты құндылық.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні тек мерекелік іс-шара ғана емес, ол ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты дәріптейтін, халықты ортақ мақсаттарға жұмылдыратын маңызды күн болып табылады. Бұл мереке – Қазақстанның бейбітшілік пен келісім жолындағы ұстанымының айқын дәлелі.