ҒАСЫР ЖАСАҒАН МАЙДАНГЕРДІ АРДАҚТАДЫ

Түркістан облысында Жеңіс күніне орай ел тыныштығы мен ұрпақ амандығы жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрі жалғасын табуда. Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қазыналы қария Эрмохан Ишхоновтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтау хаты табысталып, ақсақалға сый-сияпат ұсынылды. Өңір басшысының ыстық лебізі мен алғысы жеткізіліп, ел үшін от кешкен ардагерге ерекше құрмет көрсетілді. Жүзден асқан майдангер қонақтарды ақжарқын көңілмен қарсы алып, жүрекжарды тілегін білдірді.

Тағылымды кездесуде Эрмохан Ишхонов майдан даласында бастан өткерген қиын-қыстау кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті. Ол қан майданда бірге болған қаруластарының ерлігі, елге деген шексіз сүйіспеншілігі және жеңіске деген сенімі жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Ардагер бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақтың ең үлкен бақыты – тыныштық пен тұрақтылық екенін айтты.

Қарияның айтуынша, соғыс – адамзатқа тек қайғы мен қасірет әкелетін зұлмат. Майдан жылдарында қаншама отбасы жақынынан айырылып, талай шаңырақтың оты өшті. Сондықтан бүгінгі бейбіт күннің әр сәтін бағалау, ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті. Тыныштық бар жерде еңбек өркендейді, экономика дамиды, балалар сапалы білім алып, халықтың әл-ауқаты артады. Бейбіт өмір – ұлттың өсіп-өркендеуінің, мемлекет тұрақтылығының және болашаққа деген сенімнің басты кепілі.

Еліміздегі тыныштық пен қоғамдық келісімнің арқасында жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары салынып, жастарға жан-жақты мүмкіндік жасалуда. Халық алаңсыз еңбек етіп, кәсіп ашып, ұрпағын тәрбиелеуде. Осындай берекелі өмірдің негізінде аға буынның ерлігі мен табандылығы жатқанын кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс.

Эрмохан Ишхонов 1923 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. Соғыс жылдарында көрсеткен батылдығы мен Отан алдындағы адал қызметі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс» медальдарымен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы» және өзге де көптеген наградалармен марапатталған.

Бүгінде ғасыр жасаған ардагер үлкен әулеттің ақылман абызына айналған. Ол 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Қазіргі таңда 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған өнегелі қария ұрпағына бірлік, еңбекқорлық және отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеп келеді.

Кездесу соңында ардагер елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеп, жас буынға ақ батасын берді. Ол татулық пен сыйластықтың, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің әрдайым қоғамның темірқазығы болып қала беруі керектігін атап өтті. Сонымен қатар көрсетілген ілтипат пен құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері ғана өмір сүріп жатыр. Олар Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тұрады. Сонымен қатар өңірде Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 1 462 азамат және 2 082 тыл ардагері бар.

Мемлекет тарапынан ардагерлерге тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Бұдан бөлек, соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға, тыл еңбеккерлеріне және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына заң аясында арнайы әлеуметтік көмек қарастырылған.

Ардагерлерге құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Ел басына күн туған шақта Отан үшін жанын қиған аға буынның ерлігі жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді. Олардың өмір жолы бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің және ел бірлігінің баға жетпес құндылық екенін ұғындырады. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол аманатқа адал болып, Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтап, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосу.