ӨЗБЕКСТАН ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕТЕКШІ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаевпен бірге өңірдегі стратегиялық маңызы жоғары өндірістік, технологиялық және туристік нысандарды аралап, экономиканың түрлі салаларындағы озық тәжірибелермен жан-жақты танысты. Сапардың негізгі мақсаты – екі өңір арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, инвестициялық байланыстарды нығайту, өндірістік кооперацияны дамыту және экономиканың басым бағыттарындағы тәжірибе алмасуды жандандыру.

Делегация алдымен табиғаты көркем аймақта орналасқан заманауи туристік кешеннің жұмысымен танысты. Аталған нысанда өңірдің табиғи байлығы мен ландшафтық ерекшеліктері тиімді пайдаланылып, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туристік инфрақұрылым қалыптастырылған. Қонақтарға демалыс индустриясын дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, туристер ағынын көбейту және ішкі әрі сыртқы туризмді ынталандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Бұл тәжірибе туризмді экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналдыруда Өзбекстанның жүйелі әрі нәтижелі саясат жүргізіп отырғанын көрсетті.

Одан кейін делегация Алмалық қаласындағы Мыс байыту фабрикасын аралады. Өнеркәсіптік алып кәсіпорынның қызметімен танысу барысында өндірістік процестердің тиімділігі, заманауи технологияларды енгізу жұмыстары және минералдық ресурстарды терең өңдеуге бағытталған ауқымды бағдарламалар таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы өндірісті жаңғырту, өнім сапасын арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Бұл нысан Өзбекстанның тау-кен металлургия саласын дамытудағы ірі жетістіктерінің бірі ретінде бағаланып, шикізатты жоғары деңгейде өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр.

Жұмыс сапарының маңызды кезеңдерінің бірі Ахангарон ауданындағы Premier Electrotech бірлескен кәсіпорнына бару болды. Климаттық техника өндіруге маманданған заманауи зауытта қонақтарға өндірістік желілердің жұмысы, технологиялық үдерістердің ерекшеліктері және халықаралық сапа талаптарына сай енгізілген басқару жүйелері көрсетілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты мен өнім ассортименті өңірдегі электротехника саласының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған өндіріс орны ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етумен қатар, экспорттық бағыттағы өнім көлемін де тұрақты түрде арттырып келеді.

Сапар барысында электротехника өнеркәсібіндегі жетекші өндірістік орталықтардың бірі саналатын Eltech Industrial технопаркінің қызметіне ерекше назар аударылды. Бұл технопарк Өзбекстанның индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда маңызды орын алады. Мұнда өндірісті жергіліктендіру, инновациялық технологияларды енгізу, мыс пен сирек жер металдарын терең өңдеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, жоғары қосылған құны бар өнім шығару мүмкіндігі артып келеді. Технопарк көптеген өнеркәсіптік жобаларды біріктіріп, жаңа өндірістердің қалыптасуына және инвестициялық белсенділіктің өсуіне серпін беруде.

Технопарк аумағында делегация жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы жоғары технологиялық жобаның жұмысымен де танысты. Аталған кәсіпорын SIM-карталарға, банк карталарына, электрондық жеке куәліктерге, әлеуметтік және көлік карталарына арналған микропроцессорлық чиптер мен модульдер өндіруге маманданған. Бұл өндіріс цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып саналады. Кәсіпорында қолданылатын заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер Өзбекстанның жоғары технологиялық өнім өндіру бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін көрсетеді. Мұндай жобалар елдің технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін де арттыруда.

Сапар қорытындысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстандағы өнеркәсіптік инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, көрші елде ірі инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, өндірістік үдерістерге заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Әсіресе, өндірісті әртараптандыру, жоғары технологиялық салаларды дамыту, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау және инновациялық шешімдерді өндіріс тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұмыстар ерекше назар аудартады.

Кездесулер барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыру, өнеркәсіп, туризм және инновациялық даму салаларындағы үздік тәжірибелермен өзара алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаңа өндірістер ашу, кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті күшейту және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бағытындағы мүмкіндіктер қарастырылды.

Жалпы алғанда, жұмыс сапары Түркістан облысы мен Ташкент облысы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, бауырлас Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық әлеуетін арттыруға және өңірлер арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен бірге сапар барысында таныстырылған өндірістік кешендер мен инновациялық жобалар Өзбекстанның соңғы жылдары өнеркәсіп, технология және инвестиция тарту салаларында қол жеткізген елеулі табыстарын көрсетіп, елдің Орталық Азиядағы жетекші индустриялық және технологиялық орталықтардың біріне айналып келе жатқанын дәлелдеді.