ЖАҢА КӨПІР ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын кезекті рет жеке қабылдап, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тыңдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштері мен пікірлеріне ерекше мән беріліп, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Жеке қабылдауға келген азаматтар инфрақұрылым, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және мәдениет салаларына қатысты мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.

Түркістан қаласының тұрғыны облыс орталығына кіреберістегі көпірдің жобасын таныстырса, тағы бір азамат Түркістан облыстық қуыршақ театрын ашу жөніндегі бастамасын ортаға салды. Сонымен қатар қабылдау барысында каналдың ішкі жүйесін жаңғырту, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, жер пайдалану құқығы мен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ ауыз сумен қамту мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров көтерілген әрбір мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырып, жауапты сала басшыларына заң талаптарына сәйкес нақты шешу тетіктерін қарастыруды міндеттеді. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, олардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды тұрақты түрде жеке қабылдап келеді. Жеке қабылдауға eӨтініш бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына жүгініп жазылуға болады.