АҒЫН СУ ЖОЛЫН ТАБАДЫ

Агроөнеркәсіпті аймақта ағын су ала жаздай проблема болып жатады. Бұған суды тиімсіз пайдалану да бір себеп. Президент тапсырмасына сәйкес диқаншылықты су үнемдеу технологиясына көшіру керек. Енді субсидия су үнемдейтіндерге беріледі. Атқарушы билікке су жеткізу, ал, шаруаларды су үнемдеу технологиясын қолдану міндет.

Өзекті мәселе облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өткізген мәжілісте қаралды. Биыл 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық.

 

Былтыр облыстық бюджет есебінен 43 шақырымды құрайтын 11 су нысаны (10 канал — 2025 жылға өтпелі) күрделі жөндеуден өтіп, 1 350 шақырым қашыртқыларда механикалық тазалау жүргізілген. Нәтижесінде 2,9 мың гектар алқап ағын сумен қамтамасыз етілді.  26,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

 

Сол сияқты биыл 59 шақырым 12 су нысанында күрделі жөндеу, 21,8 шақырымды  қашыртқыларда механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 7,7 мың гектар аумақты ағын сумен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

Нұрбол Әбдісаттарұлы өзекті мәселелерді шешу жолдарын пысықтады. Жоспар бойынша Отырар, Сауран, Келес, Түлкібас, Төлеби, Созақ аудандары мен Кентау қаласында су үнемдеу технологиясын енгізілуі тиіс. Алайда асығыстық байқалмайды. Ал, каналдар мен қашыртқыларды құжаттандыру Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында жұмыс баяу жүргізілуде. Арыс қаласы мен Ордабасы, Сауран, Шардара аудандарында әлі күнге коммуналдық меншіктегі су нысандарын құжаттандыру ісі аяқталмай келеді.

 

Тиісті мәселелерді тездетіп шешу ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан-қала әкімдіктеріне тапсырылды.

 

Нұрбол Тұрашбеков: 

— Ағын су жолын табу үшін істің оңын табу керек. Шаруаны сумен қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар мерзімінде қабылданып, заң аясында бақылануы тиіс. Күні өткен соң емес, барлық ықтималдарды алдын ала қарастырыңыздар. Су үнемдеу технологиясына көшу – заман талабы. Шаруаларға дұрыс бағыт, дәйекті бағдар ұсыну жыл бойы жалғасуы керек, — деді.

 

Тапсырмалардың орындалу мерзімі белгіленіп, бақылауға енгізілді.