БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҮШІН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен «Жергілікті өзін-өзін басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты семинар өтті.

 

Тарихи, мемлекеттік және идеялық мәні бар семинардың ашылуында «Облыстық мәслихат – халық таңдаған халықтық орган» тақырыбында бейнесюжет көрсетілді. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы жиынның маңыздылығын атап өтті.

Нұралы Әбішов 

«- Жалпы, бүгінгі семинар мәслихаттардың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың біліктілігін арттыру мәселелеріне арналып отыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпалын және депутаттардың біліктілігін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты, мәслихаттардың жаңа кезеңдегі басымдықтарына жан-жақты әрі тереңірек тоқталу үшін семинарға арнайы сарапшыларды шақырттық. Соңғы бірнеше жылда Президенттің бастамасымен мәслихаттардың жауапкершілігі мен құзыреттілігі Заң аясында күшейтілді. VIII шақырылымдағы мәслихаттар жұмысын жаңаша құрамда, жаңаша форматта бастады. Конституциялық реформадан кейінгі аралас сайлау жүйесімен сайланған халық қалаулыларына үлкен мүмкіндіктер беріліп, мәслихаттардың саяси құзыреті кеңейді.

Мәселен, мәслихат төрағасы деген лауазым енгізілді, облыс әкімдерін мәслихаттардың қатысуымен тағайындау тәртібі өзгерді. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдерін сайлау жүйесі де реформаланды. Соның нәтижесінде, облыс әкімін тағайындауға дауыс беру арқылы келісім бердік. 

2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалаларды белгіледік. Соған сәйкес, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайлауы өтті. 

Әрине, мәслихат депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілген сайын жауапкершіліктің де артатыны сөзсіз. Оны халық қалаулылары жақсы түсінеді».

 

Облыс мәслихатының депутаттары белсенді жұмыс жасап, өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал жасап жатқандығын айтылды. Депутаттар бір жылда бірнеше рет аудан, қалаларда тұрғындармен есепті кездесулер өткізіп, халық пен билік арасындағы тығыз байланысты қалыптастырып жатқандығын жеткізді.

Нұралы Әбішов 

« — Кездесулерде анықталған, халықты толғандыратын 178 мәселе мәслихат бақылауына енгізіліп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүруде. Сонымен қатар, депутаттар уран өндіретін компаниялардан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция көлемінен төлейтін төлемдерді 2 пайызға көтеруіне қол жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар шетелдік инвесторлардың келуіне қарсы болған Арыс қаласы мен Отырар ауданы тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірге инвестиция тартуға үлес қосты.

Бүгінде шетелдік инвестор құны 200 млрд. астам теңгені құрайтын «Мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» бойынша ірі жобаларды іске асыруда. Нәтижесінде 50 мың гектардан астам жер игеріліп, 10 зауыт салынып, 4 мыңнан астам жұмыс орындары ашылмақ.  

Одан бөлек, депутаттар мақта терімі кезінде шаруалар тарапынан жыл сайын орын алатын наразылықтардың алдын алып, мақта егетін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы барлық мақта қабылдау пунктерінде тиісті жұмыстарды үйлестірді. Нәтижесінде соңғы екі жылда шаруалар тарапынан ешқандай наразылықтар орын алмады. Жалпы, бұл бағытта біз жұмысты одан әрі жалғастыра беретін боламыз.» — деді облыстық мәслихаттың төрағасы.

Семинарда өте маңызды тақырыптар талқыланып, депутаттар тәжірибе алмасып, түрлі пікірлер мен ұсыныстар тыңдалды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның да ортақ ісі екені айтылды.

Ширек ғасыр бұрын жергілікті өкілетті органның жасақталуы мемлекеттік құрылымдағы өзгерістердің бастамасы еді.

Бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар халық пен билік арасын жалғап, өңірдің дамуына бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 338- мәслихат депутаттары бар. Оларға қойылатын басты талап – халықпен жұмыс істеуде атүстілік пен салғырттықтан арылу.

Мәслихат депутаты – бұл өз аймағының көзі, құлағы һәм тілі. Өңірді дамыту жоспарына келісім беру, әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті бекіту де депутаттардың құзырына кіреді.