ЦИФРЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Жиында білім беру саласын цифрландыру мәселелері, қала көшелерін асфальттау жұмыстары сараланды.
Қалада білім сапасын арттыру мақсатымен басқарма және оған қарасты ұйымдардың қызметін толық цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында білім берудің барлық деңгейін, кадрлық, қаржылық және басқарушылық процестерді қамтитын бірыңғай интеграциялық «QARQYN» жүйесі енгізілді. Жүйе қолданыстағы ақпараттық платформалармен біріктірілген және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласында цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде тәуекелдер анықталып, жойылды, бұл мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік берді. Ваучерлік қаржыландыруды талдау қорытындысы бойынша негізсіз есептеулер алынып тасталып, бюджет қаржысы үнемделді.
Білім беру ұйымдарының 34 мыңнан астам қызметкерін қамтитын «Sana» тарификациялық базасы енгізілді. Бұл жүйе оқу жүктемесінің артып кетуін, жасырын бос жұмыс орындарын және негізсіз қосымша төлемдерді анықтауға мүмкіндік беріп, кадрлық және қаржылық процестердің ашықтығын арттыруға себеп болады.
Қауіпсіздік пен тегін тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаладағы барлық мектепте бейнебақылау және биометриялық бақылауды қамтитын «Айқын» интеллектуалды жүйесі енгізілген.
Білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталығына қосылды. Ыстық тағаммен қамту жүйесін биометриялық есепке алу арқылы цифрландыру нәтижесінде 2025 жылы 540 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Кеңес барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2025 жылғы цифрлық паспортизация қорытындысы бойынша қалада топырақ жолдардан асфальтқа толық көшу аяқталғанын хабарлады.
