МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ 406 ЖЕР УЧАСКЕСІ ҚАЙТАРЫЛҒАН

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында Салық кодексіндегі өзгерістер, еңбек қатынастары мен кәсіпорындардағы қауіпсіздікті сақтау, мемлекет қажеттілігіне жер учаскелерін қайтару барысы пысықталды.

 

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, 2026 жылдан бастап салық есептілігі жеңілдетіліп, қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа мөлшерлемелері енгізілмекші. Бірқатар тауар мен қызмет түрлеріне жеңілдіктер қарастырылған.

 

Шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық беріліп, жеңілдетілген салық салу режимдері сақталады. Ал салықты дер кезінде төлемегені үшін салынған айыппұлдар, наурыз айының соңына дейін өтелген жағдайда берешек базасынан жойылады.

 

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаев былтыр 2 860 өтініш түскенін хабарлады. Нәтижесінде 2 001 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған.

 

Өткен жылы өндірісте 19 жазатайым оқиға тіркеліп, 21 адам зардап шеккен. Кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер себеп болған.

 

Шымкентте Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу жұмыстары жалғасуда. 368 мекеменің 332-сі жүйеге штаттық деректерін енгізген.

 

Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламовтың айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік қажеттілікке 406 жер учаскесі алынған. Жалпы аумағы 142,7 гектарды құрайтын 327 учаске бойынша өтемақы төленіп, 53 учаске бойынша тең бағалы жер телімдері берілді.

 

Сот шешімімен және ерікті түрде уақытша пайдалануға берілген жерлер қайтарылып, жерді заңсыз беру фактілері анықталды, нәтижесінде шамамен 800 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.

 

Цифрландыру аясында Шымкентте Геоақпараттық жүйені eGov порталымен және 1414 сервисімен біріктіру арқылы меншік иелеріне СМС-хабарлама жіберу жүйесі енгізілді. Бұл жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып, өзге өңірлердің қызығушылығын тудырды.

 

Аппарат отырысының қорытындысы бойынша қала әкімі салық саласындағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, еңбек заңнамасы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, цифрландыру және мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.