115 МЕКТЕПТЕ КЕМШІЛІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Елімізде білім беру ісіне мемлекеттік қолдау аясы кеңейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды цифрлық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты — ел экономикасын дамыту және азаматтарды өмір сүру сапасын арттыру.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен қалалық білім басқармасында «Sana» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты — қаладағы барлық дерлік орта білім беру ұйымдарындағы оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру.
Мектептерге талдау нәтижесінде 115 бірқатар кемшіліктер анықталды. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтарының талаптары бұзылған. Аталған мектептерде ұзақ уақыт бойы 2000-нан астам педагогикалық вакансияның босқа тұрғаны белгілі болды. Себебі кей мектептерде мұғалімдерге 1,5 ставка орнына оқу жүктемесі шамадан тыс арттырылып, аптасына 40–60 сағатқа дейін сабақ жүктеліп, кезегін күткен ұстаздарға сұраныс тежелген.
Десе де мектептерде ұзақ мерзім бойы вакансиялардың болуы бұл салада мамандардың жетіспеушілігін немесе мұғалім мамандығының дефицитін білдірмейді. Керісінше, бұл – әдейі қалыптастырылған жүйелік схеманың нәтижесі.
Директорлар тарапынан «Мамандар жоқ. Сондықтан мектепте 1,5 ставканы сақтай алмаймыз» деген уәжбен оқу жүктемесі көбейтіліп сағаттар жасанды түрде үлестіріледі.
Егер мұғалім күніне демалыссыз, сабаққа дайындалмай 8 сағаттан жұмыс істесе, апталық жүктемесі 40 сағатты құрайды. Алайда педагогикалық қызметтің ерекшелігін ескерсек, бұл физикалық және кәсіби тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан көрсетілген жүктеменің бір бөлік сағаты оқушыларға берілмейді.
Осы жағдайда кейбір мектеп басшылары жалған табельдер толтырып, «лояльды» мұғалімдермен келісу арқылы бюджет қаражатын ұрлау схемасын жасаған.
«Лояльды» мұғалім деген кім?
Бұл, әдетте: мектеп директорымен жеке таныстығы бар немесе жақын адамдар арқылы жұмысқа қабылданған тұлға; кәсіби және білім деңгейі төмен; жоғары білім туралы дипломының заңдылығы күмән тудыратын мұғалімдер.
Мұндай мұғалімдер заңсыз артық жүктеме арқылы «сабақ берілді» деп есептелген қосымша табысты мектеп директорына беріп отырады. «Лояльды» мұғалімдер бұл қаржыдан үлес ала бермейді, себебі олар үшін бастысы – «тұрақтылық», яғни:
-өзіне тиесілі жалақыны алып отырса,
-басшылық тарапынан тексеріс, қысым болмауы,
-қызметін сақтап қалу.
Өз білім деңгейіне сенімсіз болғандықтан, олардың осал тұстары көп, сондықтан директордың кез келген талабын заң ретінде қабылдайды.
Ал кәсіби деңгейі жоғары, білімі мен тәжірибесіне сенетін мұғалімдер мұндай заңсыз әрекеттерге бара бермейді, директордың айтқанына “соқыр” түрде бағынбайды. Осы себепті кейбір мектеп басшылары білікті мұғалімдерді мектепке әдейі жолатпайды.
Нәтижесінде аталған директорлар үшін білім деңгейі төмен болса да, айтқанын екі етпейтін, толық бақылауда болатын мұғалімдер тиімді.
Бұл жағдайдың салдары білім беру жүйесінің құлдырауына, болашақ ұрпақтың сапасына тікелей зиян келтіруге, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатының ұрлануына алып келуде.
Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Өз жұмысын адал атқарып жүрген қарапайым лайықты мұғалімдер мен білікті мектеп басшылары аз емес. Дегенмен, білім саласындағы осындай келеңсіз жағдайлар алаңдатпай қоймайды.
Қазіргі таңда жоғарыда аталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті қорытындылар жасалып, шаралар қабылдануда. Сабақ беру кестелері қала бойынша нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына шара қолдану үшін жолданады.
