АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Бахрейннің Манама қаласында өткен үшінші жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында түркістандық жас балуандар мен боксшылар оң нәтижеге қол жеткізді.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы сапында 71 келі салмақта Нұртай Наров пен 45 келі салмақ дәрежесінде Ағабек Бақдаулет қола жүлде жеңіп алды. Ал, 60 келі салмақта Бегасыл Асанбек алтыннан алқа тақты.
Бокс бойынша 50 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрмахан Жұмағали барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. 46 келі салмақта додаға түскен Арман Мырсабит күміс жүлдегер атанды.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Азия ойындарының жеңімпаздарын қабылдап, өңірдің мерейін өсірген спортшыларға құрмет көрсетті.
Ертай Алтаев:
– Бұл – төрт жылда бір өтетін және Азия құрлығындағы ең беделді әрі бәсекесі жоғары халықаралық дода. Осындай дүбірлі додада еліміздің көк туын желбіретіп, өңіріміздің намысын қорғап, намысты әрі тартысты сайыстарда жүлделі оралған спортшыларымызға мың алғыс. Алдағы халықаралық жарыстарда да биік нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатуларыңызға тілектеспін. Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырынан көріну – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді.
