ИНВЕСТОРЛАР ТУРИЗМ САЛАСЫНДА ЖАҢА ЖОБА ҰСЫНДЫ
Түркістан облысының әкімдігі шетелдік инвесторлармен бірге экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыстың туристік тартымдылығын арттыруға кірісті. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытайдан келген инвесторлармен бас қосып, әріптестікті тереңдету, жаңа туристік жобаларды іске асыру жоспарын саралады.
Түркістан облысы инвесторлармнн сенімді серіктес болуға дайын. Ол үшін әкімдік барлық қажетті қолдау көрсетіп, жобалардың сапалы жүзеге асуына ықпал етеді.
Қанат Қайыпбек:
– Түркістан облысы шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнатуға әрқашан дайын. Бүгінде өңірде Қытай инвесторларының қатысуымен бірқатар ірі жоба сәтті іске асырылуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында жаңа жобалар қолға алынған. Облыста инвсеторлар үшін жақсы жағдай жасалып, жеңілдіктер қарастырылған. Ол үшін индустиалдық және экономикалық аймақтар бар. Туризм саласын дамытуға мүмкіндіктер ашатын жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді.
Өз кезегінде инвесторлар шетелдік компанияларға қолдау көрсетіп жатқан өңірдің әлеуетіне қызығушылық танытты. Компания туралы толық ақпарат беріп, туризм саласында жаңа жобаларды ұсынды.
Демалыс аумақтарында әсем көрініс алаңдарын жасап, капсула үйлер орнату жобаларын таныстырды. Олар наурыз айының соңында құрылыс жұмыстарын бастауға дайын екенін айтты.
Тараптар өңірдің туристік әлеуетін арттыру жолында серіктестік орнатуға келісті. Бұл жобалар облыстың экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, туристік инфрақұрылымның дамуына үлкен әсер етеді деп күтілуде.
