ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ ҚОРҒАЙДЫ

Конституциялық реформаларды түсіндіру тобы Мақтаарал ауданында болды. Түркістан облысы бойынша коалиция мүшелерін бастап барған облыстық мәслихат төрағасы филиалының төрағасы Нұралы Әбішов қазыналы қарттарға арналған жаңалықтарды жеткізді.

Жаңартылған Конституцияда қарияларға «қалқан» болатын тетіктер қарастырылған. «Күміс экономика» принципі бойынша жұмыс орындағы құқық қорғалады. Яғни зейнет жасына таяған немесе зейнетке шыққан соң, жұмысын жалғастырғысы келетін адамдарды кемсітуден қорғау үшін жұмыстан негізсіз босатуға тыйым салынады.

Еңбек кодексіне енгізілген толықтырулар бойынша, жұмыс беруші қызметкерді тек «зейнет жасына толды» деген себеппен өз бастамасымен жұмыстан шығара алмайды. Егер қызметкердің денсаулығы мен біліктілігі мүмкіндік берсе, ол жұмысын жалғастыруға құқылы.

Отбасындағы қарым-қатынас пен ата-ананың қадір-қасиетін қорғау да жаңа Ата Заңда айқын көрініс тапты. Қарттар мен ата-анаға адамдық құрмет көрсетпегендерден қорғалады. Қарт ата-анасына айғайлайтын, қорқытатын немесе оның зейнетақысын тартып алып, өз қажетіне жұмсайтын балаларға қатысты жауапкершілік күшейтілген.  Мұндай әрекеттер үшін «қорғау ордері» шығарылып, кінәлі адам үйден уақытша шығарылуы немесе әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Жаңадан қабылданатын Конституция аясында барлық заңдар реттеледі. Ол үшін Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі жұмыс істейді.

Коалиция мүшелерімен жүздескен аудан қариялары өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарына тұшымды жауап алып марқайып қалды. Абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер Конституциялық өзгерістерді қолдайтындықтарын айтып, еліміздің жарқын болашағы үшін ақ батасын берді.