МУЗЕЙ ІСІН ЖЕТІЛДІРУ КЕРЕК
Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымымен кездесу өткізді.
Конституцияға алғаш рет тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтарға терең мән берілді. Тарихи мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және рухани құндылықтарды ілгерілету алдағы міндеттің бірі.
Аида Балаева
«- Күні кеше еліміз мәні мен маңызы айрықша, жаңа тарихи кезеңнің куәсі болды. Республикалық референдумда халықтың басым бөлігі жаңа Конституцияға дауыс беріп, ел болашағын айқындайтын жауапты таңдау жасады. Жаңарған Ата заң жаңа дәуірдің рухани және құқықтық негізіне айналары анық. Біздің ендігі басты міндетіміз – конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде іске асыру», – деді.
Премьер-Министрдің орынбасары мәдениет пен ақпарат салаларына ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Себебі дәл осы салалар арқылы қоғамдық құндылықтар жүйесі қалыптасып, ұрпақтар сабақтастығын нығаятынын айтты.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының елдегі маңызды рухани әрі тарихи-мәдени орталықтардың бірі ретінде өзіндік орны бар. Түркістанның бас мәдени мұрасы.
Аида Балаева
«- Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – тек мәдени мекеме ғана емес, ұлттың тарихи жадын сақтайтын, рухани тұтастығын бекітетін іргелі орталық. Мұнда тек бірегей мәдени мұра ғана сақталмай, сонымен бірге дәуірлердің байланысы көрініс табады. Бұл байланыс біздің мемлекеттілігіміздің, дәстүрлеріміздің және рухани құндылықтарымыздың бастауын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – осы мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі ұрпаққа жаңа мазмұнда жеткізу», – деді.
Басқосуда музей ісін жетілдіру, экскурсиялық қызмет сапасын арттыру, ғылыми мұраны жүйелі түрде зерттеу және насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын әлемдік деңгейде дамыту жолдары қаралды.
Сапар аясында Аида Балаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесі реставрациялық жұмысымен танысты. Басты басымдық сыртқы жаңарту емес, бірегей ескерткіштің тарихи келбетін сақтау екені ескертілді.
