«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП » БАСШЫСЫ ЕСЕП БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мейіржан Юсупов қабылдап, Қазатомөнеркәсіп қызметінің өткен жылғы нәтижелері мен алдағы жоспарларын талқылады.

Кездесу барысында компания басшысы 2025 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісі 25,8 мың тоннаны құрағанын, оның ішінде компания үлесіне 13,5 мың тонна тиесілі екенін баяндады. Ал сауда-саттық көлемі 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тоннаға жеткен.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында минерал-шикізат базасын кеңейту және геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі жүргізу жалғасып жатқаны айтылды. Нәтижесінде жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты жаңа перспективалы уран учаскесі қалыптастырылған. 2030 жылға дейін бұл бағытқа 75–85 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.

Кездесуде уран өндіруші өңірлерді әлеуметтік қолдау мәселесіне де назар аударылды. 2025 жылы компания өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген, оның ішінде 6 миллиард теңге келісімшарттық міндеттемелер аясында бағытталған.

Компанияның халықаралық серіктестігі де кеңейіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы швейцариялық AxpoPower AG, чехиялық ČEZ Group және жапондық Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда Үндістанға табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, кәсіпорын ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды дамытуға басымдық беріп отыр. Өндіріс тиімділігін арттыру, экологиялық әсерді төмендету және озық технологияларды енгізуге бағытталған 2034 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленген.

Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіптің» жария компания ретіндегі көрсеткіштері де атап өтілді. 2018 жылғы IPO-дан бері компанияның нарықтық капиталдандырылуы 7 еседен астам өскен.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыруды тапсырды.