ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жаңа Конституцияны іске асыру мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында биыл 15 наурызда республикалық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын жүзеге асыру тетіктері талқыланды.

Кеңеске Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қошанов, Олжас Бектенов, Ерлан Қарин, Айбек Дәдебай, Ержан Жиенбаев және Ерлан Сәрсембаев қатысты.

Мемлекет басшысы «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, алдағы кезеңде заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік билік институттарының қызметін айқындайтын заңдарды жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте алты конституциялық заңға өзгерістер енгізу және өзге заңнамалық актілерді жаңарту үшін үш жаңа заң қабылдау көзделіп отыр.

Президент Конституцияның күшіне ену мерзімін ескере отырып, тиісті заңдарды Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдау маңызды екенін айтты.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы заңдарды сапалы әрі уақтылы әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді кешіктірмей жаңа талаптарға сәйкестендіру міндеті жүктелді.