ПРЕЗИДЕНТ САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда және интеграция министрін қабылдады. Арман Шаққалиев сауда саласының қазіргі ахуалы мен даму перспективалары бойынша есеп берді.
Министр өткен жылдың қорытындысына сәйкес ел экономикасындағы сауда-саттықтың үлесі ішкі жалпы өнімнің шамамен 19 пайызына жеткенін айтты. Бұл бағытқа 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, жалпы тауар айналымы 8,9 пайызға өсіп, 80,3 триллион теңгені құраған.
Сондай-ақ, электронды сауда саласында да оң динамика байқалады. Өткен жылы оның көлемі 3,9 триллион теңгеге жетіп, бөлшек сауданың 15 пайызын құраған. Ел аумағында 10 логистикалық орталықтан тұратын желі қалыптасқан. Бұдан бөлек, Астана мен Алматы қалаларында ірі фулфилмент-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр.
Министр экспорттық бағыттағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық экономикалық қиындықтарға қарамастан, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 41 миллиард долларға жеткен. Экспорттаушыларды қолдау шаралары кеңейтіліп, сақтандыру сомасының шекті көлемі 1,2 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Бүгінде одақ құрылғаннан бері анықталған 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылған. Сонымен қатар келіссөздер нәтижесінде Қазақстан кәсіпорындары үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылып, кейбір тауар түрлеріне қатысты квоталар мен демпингке қарсы баж салығына байланысты тиімді шешімдер қабылданған.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент сауда саласын одан әрі дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің өсіміне жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экспорттық әлеуетті арттыру және елдің экономикалық мүдделерін ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
