ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ БАСТАЛДЫ
Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан кубогінің ресми ашылу салтанаты өтті. Ел біріншілігіне барлық аймақтардан 369 балуан қатысып, бақ сынасып жатыр.
Күрес сайысын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып берді. «Qazaq Kuresi» қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов және Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығының жетекшісі Қайрат Пазылбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс тіледі.
Ертай Алтаев:
– Бүгін түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогі басталды. Қазақ күресі – біздің ұлттық рухымыздың, батырлық пен терең тарихымыздың көрінісі. Еліміздің ең мықты балуандары бүгін Түркістан төрінде бас қосып отыр. Бұған дейін Түркістан қаласында қазақ күресінен «Turan Barysy», «Әлем кубогы» «Азия Кубогы» сияқты ірі халықаралық турнирлер өткен. Бұл, Түркістан үшін қазақ күресінің орны айрықша екенін көрсетеді. Қазіргі таңда облыстағы 30 спорт ұйымында қазақ күресі бөлімшелері жұмыс істейді. Атап айтсақ, 6 облыстық, 24 аудандық және қалалық. Аталған мекемелерде 140 білікті бапкер 3 мыңнан аса спортшыны даярлауда. Сонымен қатар әлемнің 40-тан астам мемлекетінде Қазақ күресі федерациясы жемісті қызмет атқарып, бұл спорт түрін әлемге танытуда. Қазақ күресі майталмандарының Түркістанда бас қосқаны – біз үшін үлкен қуаныш! – деді.
Турнирдің негізгі мақсаты – спортшылар арасында ынтымақты нығайту және ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеу. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар Әлем кубогына жолдама алады.
Ерлер арасында 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі, сондай-ақ түйе балуан салмақ дәрежелері бойынша жүлдегерлер анықталады. Әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі салмақтарында белдеседі. Сонымен қатар дода аясында аралас командалық бәсеке өтеді.
4 күн өтетін жарысқа «Sport Qory» спортты қолдау қоры демеушілік етуде.
